90-жылдардағы эксклюзивті Range Rover кабриолет

1990 жылдары немістің Styling Garage шеберханасы клиенттің ерекше тапсырысын орындап, 1995 жылғы екінші буындағы жаңа Range Rover SE-ні кабриолетке айналдырған. Жиналмалы тент шатыры электр жетекті, құрылымы күрделі болмас үшін мамандар артқы есіктерді алып тастап, алдыңғысын ұзартты.
Автомобильдің дөңгелек базасы өзгермеді, бірақ ықшам көрінеді, тіпті ескі VW Golf кабриолетін еске салады.

Тәжірибелі шеберлер бұл жұмысты ұқыпты әрі сапалы орындаған. Ақ былғарымен қапталған салоны, 4.0 литрлік V8 моторы мен 4 сатылы автомат қорабы сол қалпында қалды.
CarFax-тағы ақпаратқа сүйенсек, ерекше кабриолетті 1995 жылы АҚШ тұрғыны сатып алған. Қазір Land Rover Range Rover 4.0 SE Convertible Coupe деп аталатын автомобиль жаңа иесін іздеп жатыр. Калифорния штатының Коста-Меса қаласында мамырдың аяғында өтетін RM Sotheby’s аукционында бұл лот 100–125 мың долларға бағалануы мүмкін.
Range Rover-дің ресми топтамасында кабриолет болған. Дегенмен төбесі ашық нұсқа қымбат модельдерде емес, шағын әрі қолжетімді Evoque-та ғана болды. Ол 2017-2018 жылдары шықты.