Lightship компаниясының жаңа AE.1 кемпері АҚШ-та сатылымға шығады

Электрлі кемпердің жаңа мүмкіндіктері мен уникалды дизайны туралы

👁️ 10
Сурет: kolesa.kz

Tesla-ның бұрынғы мамандары негізін қалаған Lightship компаниясы АҚШ нарығына жоғары технологиялы AE.1 Cosmos Edition кемперін ұсынды. Автоүй тіркеме болғанымен, электрлі моторы мен аккумуляторы бар. Сол себепті тіркемені сүйреу электромобильдің жүріс қорына әсер етпейді.

Кемпердің құрылымы мен ерекшеліктері

AE.1 Cosmos Edition-ның қабырғасын демалыс орнына жеткенде жоғары көтеруге болады. Қозғалыс кезінде кемпер ішінде отыруға келмейді. Бұл өлшемін кішірейту және аэродинамиканы жақсарту үшін жасалған.

Кемпердің толық комплектациясы

Төрт адамға арналған автоүйдің стандарт әрі жалғыз комплектациясына 77 кВт·сағ аккумулятор, шатырдағы күн панельдері, индукциялық пеш, мұздатқышы бар тоңазытқыш, микротолқынды пеш, ыдыс жуғыш машина және толыққанды жуынатын бөлме кіреді.
Трассадағы көмекші, автоматты туралау жүйесі және артқы ілгіш құрылғысы бар. Тіркеме NACS қуаттау кабелімен жабдықталған және Starlink спутниктік байланысына бейімделген.

Бағасы мен тапсырыс беру жайы

AE.1 Cosmos Edition-ды сатып алуға бағасы (250 000 доллар) ғана кедергі. Клиенттер 7 500 доллар алдын ала төлем жасап, тапсырысы дайын болғанын күтуі керек, өйткені компания автоүйді келер жылдың аяғында жеткізе бастайды. Небәрі 50 дана Cosmos Edition жарық көреді, кейін компания басқа модификацияларын шығарады.