Алматыдағы BRT жобасы: Жаңа автобустар мен жолдар
BRT желісінің құрылыс жұмыстары туралы жаңалықтар

Алдағы уақытта Байтұрсыновтан Райымбекке дейін BRT салынады, Төле би бойымен де жүрдек автобус жүреді. Әкімдік Наурызбай батырдағы автобус жолағын алып тастайтын сияқты. Жұмыс биыл көктемде басталады. Құрылысқа 4 млрд теңге бөлініп отыр.

Жоба бойынша Тимирязевтегі BRT желісі Байтұрсыновтан Желтоқсанға дейін ұзарады. Екі шетімен автобус жүрсе, ортасымен қарапайым автомобиль өтеді. Автобус жолағының ені — 3.5 метр, басқа көліктерге — 3 метр.

Тимирязевтен Райымбекке дейінгі BRT желісі де екі бағытты, Сәтбаевқа дейінгі бөлігі мынадай болады.

Мына суретте Желтоқсан бойымен төмен қарай жүретін қарапайым көліктерге арналған жолақ үшеу, жоғары қарай біреу екені көрсетілген. Екінші схема бойынша әр бағыт екі жолақтан тұрады. Мамандар екі нұсқаны қарастырып, тиімдісін таңдайды.

Сәтбаевтан Абайға дейін шетімен автобус жүреді.

Абайдан Райымбекке дейін Желтоқсан көшесі қазіргідей бір бағытты болып, өзгермейді. BRT жол жиегімен жүреді, ал басқа машиналар ортадағы үш жолақпен төмен қарай жүреді.

Құрылысшылар автобус жолағын бордюрмен қоршамайды. Тек арнайы жол белгісі мен жол таңбасын сызып, асфальтті қызыл түске бояйды. Эскизде қарапайым автомобиль оңға бұрылу үшін жолақты басып өтетіні көрсетілген.

Бұл шешім дұрыс па, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Қарапайым машиналар автобусқа кедергі келтіруі мүмкін. Бірақ басқа нұсқа жоқ сияқты.
Райымбектегі BRT құрылысы да жақында басталады. Біз ол даңғылдағы жүрдек автобус желісі қандай болатынын міндетті түрде жазамыз.