Ақмола облысында жаңа астық өңдеу зауыты ашылады
Қытайлық инвесторлармен бірге Ақмолада астық өңдеу зауыты салынады.
Ақмола облысында индустриалдық аймақта Қытайдың инвесторлары қатысуымен терең өңдеу зауыты құрылатын болады. Бұл келісім Ақмола облысының әкімдігі, ұлттық компания KAZAKH INVEST және Dalian Hesheng Holding Group Co., Ltd. арасында Қазақстанның жаһандық инвестициялар бойынша дөңгелек үстелі (KGIR-2024) аясында бүгін қол қойылды - деп хабарлайды eldala.kz тілшісі.
- Жобаның құны шамамен 650 миллион долларды құрайды, бұл 1000-нан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
- Зауыт жоғары қосылған құн өнімдерін өндірумен қатар, экспортқа арналған басқа да өнімдер шығаруды көздейді.
- Нәтижесінде, Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейтуге маңызды қадам болып табылады.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, меморандумның қол қойылуы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
«Бұл құжат ынтымақтастығымызды жаңа қырынан ашып, еліміздің жетекші аграрлық өңірі ретінде позициямызды бекітеді. Қол қойылған меморандум - терең өңдеу зауытын салу жөніндегі ірі жобаны жүзеге асырудың бастамасы... Бұл ақмолалық ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін де тиімді, өйткені олар нарықтық бағамен 1 миллион тоннадан астам астық сатып алады», - деді өңір басшысы.
Осы жобаны іске асыру Ақмола облысының жаһандық нарықтағы позициясын нығайтып, экспорт көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ Қазақстандағы ауыл шаруашылығы секторында жаңа бағыттарды дамытуға мүмкіндік береді.
Dalian Hesheng Holding Group Co., Ltd. - ауыл шаруашылығы өнеркәсібі, инфрақұрылымдық инвестициялар және құрылыс саласында жетекші Қытай компаниясы. Компания ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеу саласындағы озық технологиялар мен тұрақты инновациялық шешімдерімен танымал.