Қазақстанда астық экспортын қолдау шаралары енгізілмек
Қазақстанда астықты сыртқы нарықтарға тасымалдау шығындары субсидияланатын болады.
Қазақстанда жақын арада астықты сыртқы нарықтарға тасымалдау шығындарының бір бөлігін өтейтін субсидиялар енгізу жоспарлануда. Осылайша, үкімет биыл рекордтық көлемде жинақталған астықты экспорттауды қолдауды мақсат етеді - деп хабарлайды eldala.kz тілшісі.
Вице-премьер Серік Жуманғариннің мәліметі бойынша, астық экспортына арналған тасымалдау шығындарын қайтару жоспарланған маршруттар анықталды:
- Әзербайжанға;
- Еуропа Одағына, Солтүстік Африкаға Азов, Балтика және Қара теңіз порттары арқылы;
- Иранға;
- Ауғанстанға Түркменстан арқылы транзитпен;
- Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне Қытай арқылы транзитпен.
Сонымен қатар, Қазақстандық астықты дәстүрлі нарықтарға және жаңа бағыттарға жеткізу ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
“COFCO Қытай компаниясымен 200 мың тонна бидай жеткізу мәселелері қарастырылуда. Иранның Fawakeh компаниясымен 200 мың тонна арпа жеткізу туралы келісім жасалды. Балтық теңізі порттары арқылы еуропа елдеріне 400 мың тонна бидай жеткізу үшін алдын ала келісім жасалды. Ears International For Trade Co. (Египет) компаниясымен 300 мың тонна бидай жеткізу келісімі бекітілді.”
Серік Жуманғарин бүгінгі таңда Қытай, импорт квоталары шеңберінде Қазақстан бидайын қабылдайтынын атап өтті.
Сондай-ақ, вице-премьер Ауыл шаруашылығы министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдар (Сауда министрлігі және Ұлттық экономика министрлігі) Ресей Федерациясының уәкілетті органдарымен тығыз жұмыс жасап жатқанын айтты. Нәтижесінде, Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдері, оның ішінде астық, бұршақ, және майлы дақылдардың Ресей арқылы импорт және транзит бойынша уақытша шектеулер жойылады, бұл шара болашақта Еуропа нарықтарына экспорттауға мүмкіндік береді.