Ақтөбе тұрғыны алаяқтарға 350 мың теңгесін беріп қойды
Ақтөбе тұрғыны WhatsApp арқылы шақырту алып, алаяқтарға сеніп қалды.
Фиктивті сыйлық алу үшін ер адам бірнеше рет алаяқтарға өзінің қаражатын аударған. Нәтижесінде, ол 350 мың теңгесін жоғалтып алды - деп хабарлайды Актобе Таймс.
Жергілікті тұрғынның телефонына WhatsApp мессенджері арқылы белгісіз адамнан қоңырау келіп түсті. Ол қуанышты хабарламамен ер адамның 1,5 миллион теңге ұтып алғанын жеткізді. Алайда, сыйлықты алу үшін 25 мың теңге көлемінде «комиссия» төлеу қажет болды. Ер адам алаяққа сеніп, көрсетілген соманы тез арада аударды.
Кейіннен алаяқ қайта 50 мың теңге қосымша төлем жасауды талап етті. Нәтижесінде, жәбірленуші барлығы 350 мың теңгесін жоғалтыпты. Өзінің алданғанын түсінген соң, ол полицияға шағымданып, іс бойынша алдын ала тергеу басталды.
«Алаяқтар көбіне ірі ұтыстар мен сыйлықтар уәде етіп, бірақ олардың берілуі үшін алдын ала төлемдер не комиссиялар талап етеді. Әдетте, аталған қаражат қайтпайды, ал қылмыскерлер жаңа аударымдарды талап етуді жалғастырады», - деп дабыл қақты полиция департаменті.