Қазақстанда құс еті нарығында бәсекелестік мәселелері анықталды
Құс етінің нарығында бәсекелестік деңгейін арттыру қажет.
![](/uploads/posts/2025-02/thumbs/_1738855943_4870.webp)
Қазақстанның бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі құс еті нарығындағы бәсекелестіктің жағдайын талдады. Нәтижесінде жүйелі шешімді талап ететін негізгі проблемалар анықталды - деп хабарлайды eldala.kz тілшісі.
Агенттік мәліметінше, тарифтік квоталардың бөлінуі теңсіздікпен сипатталады: 90% квотаны тарихи жеткізушілер алады, ал жаңа қатысушыларға тек 10% тиесілі. Бұл бәсекелестікті шектейді және нарыққа жаңа қатысушылардың кіріп-шығуына кедергі жасайды.
Сонымен қатар, импортқа тәуелділік деңгейінің жоғарылығы да атап өтілуде.
“2023 жылы құс еті өндірісі 12%-ға өссе де, ішкі нарықтағы тұтыну қажеттіліктері 66% деңгейінде өз өндірісімізбен қамтамасыз етілуде. Импортқа тәуелділік 34% деңгейінде қалып отыр. Мұның басты себебі — өнімнің жоғары өзіндік құны, оның 68%-ы импорттық компоненттер бағасының өзгеруіне сезімтал факторлардан тұрады,” - деді агенттік өкілдері.
Сонымен қатар, өндірушілер үшін субсидиялардың кешігуі қаржылық тұрақтылықты төмендетіп, өндірісті кеңейту мүмкіндігіне теріс әсерін тигізеді.
Талдау нәтижесінде, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарының көтерме жеткізушілеріне үстем жағдайды теріс пайдалану туралы хабарламалар жіберілді, соның ішінде тауарлардың қайта сатылуында аумақтық шектеулер мен түрлі бағалардың қолданылуы да қамтылды.