Цифрландыру мен өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жаңа қырлары
Жаңа технологиялар саладағы қауіпсіздік пен тиімділікті арттыруға бағытталуда.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Баку қаласында «Энергетика саласындағы цифрландыру, өнеркәсіптік қауіпсіздік және сатып алулар» атты халықаралық конференцияға қатысты. Іс-шарада мұнай-газ өнеркәсібіне инновациялық технологияларды енгізу мәселелері кеңінен талқыланды.
Конференцияға қатысушылар өндірістік қауіпсіздік, саладағы ынтымақтастықты нығайту және тұрақты даму мәселелерін қарастырды. А. Хасенов өз сөзінде ҚазМұнайГаз компаниясының негізгі серіктестері SOCAR, «Татнефть» және «Өзбекнефтегаз» компанияларымен ынтымақтастық аясын кеңейтуді жоспарлап отырғандарын айтты.
«Біз серіктес компаниялармен бірлесе отырып, процестерді басқаруға арналған цифрлық жүйелерді, интеллектуалды мониторинг желілерін енгізіп жатырмыз. Бұл жобалар көмірсутек өндіру мен өңдеуде операциялық тиімділікті және қауіпсіздікті арттыруға көмектеседі».
Сонымен қатар, экологиялық қауіптерді азайту жұмыстары да жүргізілуде. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдайларды алдын алу және жою бойынша жүйелер қалыптастыру бойынша бірлескен жұмыстар жүргізілуде.
Конференция аясында SOCAR, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Татнефть» ЖАҚ және «Өзбекнефтегаз» АҚ өкілдері цифрлық технологиялар мен өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша төртжақты меморандумдарға қол қойды. Бұл құжаттар цифрлық шешімдерді әзірлеу мен енгізуге, сондай-ақ техногендік төтенше жағдайларды алдын алу мен оларды жоюға бағытталған тәжірибе алмасуды қамтиды.