Албанияда нейрожелі мемлекеттік сатып алулар министрі болып тағайындалды
Албания жасанды интеллект «Диелла»-ны мемлекеттік сатып алулар министрі қызметіне тағайындап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін әлемдегі алғашқы ел атанды.

Албания ресми түрде әлемдегі алғашқы «парақорлыққа бейім емес ЖИ-министрді» тағайындады. Албан тілінен аударғанда «күн» деген мағына беретін «Диелла» атты жасанды интеллект мемлекеттік сатып алулар мен тендерлерді бақылауға жауапты болады. Бұл туралы Telegrafi хабарлады.
Премьер-министр Эди Раманың айтуынша, виртуалды министрдің басты мақсаты – жеке компаниялармен келісімшарт жасасу кезінде сыбайлас жемқорлық, парақорлық, тамыр-таныстық пен қысымшылықты болдырмау. «Диелла» мемлекеттік сатып алулар жүйесінің толық ашықтығын қамтамасыз етеді.
Жасанды интеллект моделі қазірдің өзінде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігін ұсынатын e-Albania цифрлы платформасына енгізілген. «Диелланың» прототипі алғаш рет қаңтар айында таныстырылды – ол виртуалды түрде дәстүрлі албандық киімде бейнеленген.
«Бұл – үкіметтің физикалық тұрғыда жоқ алғашқы мүшесі. ‘Диелла’ жасанды интеллект негізінде жасалды және адал мемлекеттік сатып алулар үшін жұмыс істейді»,
Осылайша, Албания дүниежүзінде алғаш рет нейрожеліге үкімет құрамының ресми мәртебесін берді – заңдық жауапкершіліксіз және физикалық болмыссыз болса да.
Бұған дейін Politico басылымы Эди Раманың 2030 жылға дейін елді толықтай қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшіру жоспарын мәлімдегенін жазған еді, бұл көлеңкелі экономиканы азайтуға бағытталған.
Басқа мемлекеттерде де жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу белсенді түрде жүріп жатыр. Мәселен, Ресей вице-премьері Дмитрий Григоренко жасанды интеллектіні енгізу және үйлестіру бойынша Мемлекеттік ЖИ дамыту орталығының құрылатынын жеткізді, ол бұл технологияларды мемлекет пен бизнес деңгейінде қолдануға ықпал етпек.
Сарапшылар пікірі және тәуекелдер
Албания тәжірибесіне әлемнің түкпір-түкпірінен қызығушылық танытылуда, алайда сарапшылар бірқатар тәуекелдер туралы ескертеді. Reuters және BBC деректеріне сүйенсек, басты мәселе – ЖИ алгоритмдерінің ашық болмауы, әрі олардың шешімдеріне жауапкершілік заң жүзінде бекітілмеген. Бұл тендерлердегі қателер не әлдекімге қысым көрсету сияқты әрекеттер бойынша жауапкершілік кімге жүктелетіні туралы дауларға себеп болуы мүмкін.
Еуропалық одақта мемлекеттік секторда ЖИ-ды қолдану үшін қатаң ережелер енгізетін AI Act заңы талқылануда. Оксфорд пен MIT ғалымдары мұндай технологиялар тиімділікті арттыратынын, алайда тәуелсіз бақылау мен ашықтық қажет екенін атап өтеді.