Toyota Land Cruiser 300 жаңартылды, бірақ сатып алу мүмкін емес
Жаңартылған Toyota Land Cruiser 300 жаңа функционалдармен келеді

2021 жылы жарық көрген Toyota Land Cruiser алғаш рет жаңарды. Жол талғамайтын көліктің сырт пішіні мен мотор гаммасы өзгермегенімен, компания крузакты технологиялық тұрғыда жетілдіріп, ұрлықтан қорғауға көбірек күш салған. Бірақ қашан тапсырыс қабылдайтыны белгісіз.



Бұған дейін Жапониядағы Land Cruiser 300-дің қымбат нұсқаларында ғана болған кей қауіпсіздік жүйесі базалық комплектацияға қосылды. Мысал ретінде:
- Қозғалтқышты іске қосу батырмасында саусақ ізі сканері
- Автомобильге смарт-кілттің қаншалықты жақын екенін тексере алатын детектор

Сондай-ақ, My Car Start Lock функциясы қосылады. Бұл мүмкіндік смартфон арқылы моторды қашықтан бұғаттауға мүмкіндік береді. Киберқауіпсіздік шаралары да жақсарады.

Интерьері де жаңарды:
- Аналогтық аспаптар панелінің орнын цифрлы дисплей басады, базалық комплектацияда өлшемі — 7 дюйм, ал қымбат нұсқада 12.3 дюйм болады.
- Ортаңғы тачскрин 8-12.3 дюйм аралығында болады.
- Климат басқару панелі шағын монохромды экранмен толыққан.

Toyota танымал модельге тапсырыс қабылдауды уақытша тоқтатты. Демек, клиенттер жаңарған машинаны жақын арада ала алмайды. Компания алдымен бұрын қабылданған тапсырыстарды орындауды жоспарлап отыр.
Жапонияда 3.5 литрлік бензинді мотормен жүретін LC 300-дің бағасы 5 252 500 иеннен (17.5 млн теңге) басталады.
Қазақстанда 415 ат күшін беретін моторы бар жол талғамайтын көлік 58 млн теңге тұрады.