Сақтандыру полисін алу мәселесі: жүргізушілердің наразылығы
Сақтандыру полисін рәсімдеу қиындықтары мен көлік жүргізушілері арасындағы түсініспеушіліктер

Kolesa.kz редакциясына хат жазған автокөлік иелері сақтандыру полисін алудағы қиындықтарға шағымданды.
Олардың айтуынша, «жүргізушілер сақтандыру рәсімдей алмай қалды, ал кейбіреулерінің сақтандыру класы төмендеп, ең жоғары 13-категориядан А класына (жаңадан көлік жүргізе бастаушылар) түсіп кетті. Соның салдарынан сақтандыру компаниялары міндетті сақтандыру полисі үшін төлемді үш есе арттыруға мәжбүр, бұл жүргізушілер арасында түсініспеушілік пен наразылық туғызуда».
Қаржы нарығын реттеу агенттігі өкілдерінен мәселенің себебін түсіндіруді сұрадық. Мамандардың хабарлауынша, 7 сәуірде бірыңғай сақтандыру деректер базасында (БСДБ) ақау пайда болған. 12 сәуірде база іске қосылғандай болды, бірақ 15 сәуірде қайтадан қате туралы хабарлама шықты.

Осы проблемалардың нәтижесінде жүргізушілер міндетті сақтандыру полисін рәсімдей алмай жатыр, ал палиссіз көлік басқаруға рұқсат жоқ. Бұл жағдайда айыппұл мөлшері 10 АЕК-ті (39 320 теңге) құрайды.
Реттеуші орган бұл мәселенің жаңа сақтандыру класын енгізу процесімен ешқандай байланысы жоқ дегенді айтады. Алайда, сақтандыру компаниялары полицияның әкімшілік құқық бұзушылықтарды тіркейтін дерекқорымен өз базаларын біріктірген кезде ақау шыққанын айтып отыр.
Міндетті сақтандыру келісімшартын рәсімдеу барысында бонус-малус класында қате анықталса, Мемлекеттік кредиттік бюроға жүгініп, деректерді өзгерту туралы арыз жазу керек. Мекеменің байланыс мәліметі мен өтінім беру нұсқаулары mkb.kz сайтынан табылады.
Ведомство қызметкерлері бонус-малус пен сақтандыру тарихын eGov Mobile мобильді қосымшасындағы «Кредит және сақтандыру тарихының гиді» сервисі арқылы білуге болатынын айтты.
Сақтандыру базасы қашан іске қосылатыны әзірше белгісіз. Жаңалықтарды бақылап отырыңыз!