Электромобильдер сатылымы бойынша жаңа рекордтар

Электрлі көліктердің сатылымы өсе береді

👁️ 2
Сурет: kolesa.kz

Көктемнің алғашқы айында әлем бойынша электрлі күштік құрылымы бар 1.7 млн электромобиль мен гибрид сатылды. Rho Motion мәліметтеріне сүйенсек, бұл көрсеткіш ақпанмен салыстырғанда 40 пайызға, былтырғы наурыздан 29 пайызға жоғары. Бірінші тоқсан қорытындысы да өсім көрсетті.

Электрокардың жалпы тоқсандық саудасы 4.1 миллионға жетіп, былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 29 пайызға артты. Мұнда ең көп сатылған ел — Қытай, ол 2.4 миллион электромобиль сатты (+36 пайыз). Екінші орында Еуропа орналасып, 0.9 миллион көлік (өсім 22 пайыз) өткізді.

Еуропалық нарықтағы өзгерістер

Еуропада электромобильдерге сұраныс артты. Оның ішінде таза электромобильдердің сатылымы 27 пайызға көбейді. Жоғары көрсеткіштер Италия (+64 пайыз) мен Германияда (+37 пайыз) байқалады. Ұлыбритания дилерлері алғаш рет 100 мың экземплярдың кілтін табыстады.

Дегенмен, Францияда мемлекет саясатының өзгеруі нәтижесінде жалпы сауда 18 пайызға төмендеді, ал гибрид алатындар 47 пайызға азайды.

АҚШ нарығының ағымдағы жағдайы

АҚШ-та жарты миллион электромобиль (өсім 16 пайыз) сатылды. Алайда сарапшылар Трамптың саясаты елдің электромобиль нарығының ары қарай дамуына кедергі келтіруі мүмкін деп ескертеді. АҚШ-та сатылатын электромобильдердің 40 пайыздан астамы шетелден келеді, оларға енді 25 пайыз салық салынады.

“Tesla-ға сұраныс 8.6 пайыз азайғанымен, ол ел ішінде әлі де ең көп сұранысқа ие,” - дейді сарапшылар.

Ford және Chevrolet одан кейінгі орында тұр.

Қытай нарығының қалпына келуі

Қытайда жыл басындағы маусымдық құлдырау кезеңінен кейін электромобиль нарығы қалпына келуде. Наурыз айында миллионға жуық электромобиль мен гибрид сатылды. Трамптың енгізген баж салығы Қытай нарығына әсер етпейді, өйткені екі ел арасындағы электромобиль импортының үлесі минималды. Дегенмен, АҚШ-та шығарылатын Tesla Model X пен Model S Қытайда қымбаттау мүмкін.

Қытай бұл мәселені басқа жолмен шешуді жоспарлап отырған сыңайлы, өйткені Reuters хабарлағандай, бұл электромобильдерге тапсырыс қабылдау тоқтатылды.