Екібастұз маңында жолдағы бетон тақта көтерілді

Жол жөндушілердің салғырттығы мен аптап ыстықтың салдары

👁️ 8
Сурет: «Қазавтожол» ҰК

Оқиға 12 маусым сағат 18:30 шамасында Екібастұздан бірнеше шақырым жерде болды. Республикалық маңызы бар Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – Ресей шекарасы ақылы автожолының 1265-шақырымында бетон тақта көтеріліп, жолдың жүріс бөлігінде қауіпті ойық пайда болған. Салдарынан минивэн қатты зақымданды.

Жол жөндеушілер апатқа аптап ыстық себеп болған деп санайды.

Цемент-бетон жабыны температура күрт көтерілгендіктен (+33…+35°C) бүлінді деп хабарлады «Қазавтожол» ҰК.

Бетонные плиты вздыбились на платной трассе Астана – Павлодар

Мекеме ақауды түні бойы жөндеп, бүгін, 13 маусымда жұмысты аяқтауға уәде берген. Қазір бұл маңда қайта көлік жүріп жатыр. Мамандар бүлінген жерді тазалап, асфальт төсепті.

Жол жөндеу сапасына қатысты мәселелер

Бұған дейін күн қатты ыстық болатын оңтүстік өңірлерде ғана бетон жабыны бүлінген. Оның үстіне сараптама нәтижесінде бетон тақта жол жөндеушілердің салғырттығынан көтерілетінін анықтады. Мамандар Астана – Павлодар тас жолында да бетон тақталар жігін дер кезінде тазалап, тығыздығын сақтайтын материалды ауыстырмағанын айтты.

Бірнеше жыл бұрын бірқатар төтенше жағдайдан кейін елдегі барлық бетон жолға асфальт төсеу туралы шешім шыққан. Бірақ 2022 жылы полимерлі асфальт төселген трассада бетон тақта көтеріле бастады. Содан кейін бетон жолды асфальттау тоқтады. Бірақ былтыр Самара – Шымкент тас жолында қыста пайда болған бетон жабынының ақауын жауапты мекеме тағы полимерлі асфальт төсеп жөндеді.