Норвегия электромобильге көшуде алғашқы орынға жақын
Электр көліктерінің нарықтағы өсімі мен тенденциялары

Норвегия әлемдегі іштен жанатын қозғалтқышы бар машиналарды автосалондардан толықтай алып тастай алатын алғашқы ел болуға жақын тұр. Жол қозғалысы жөніндегі ақпараттық кеңесінің (OFV) мәліметіне сәйкес, өткен жылы сатылған 128 691 көліктің 114 400-і электромобиль болып шықты. 2010 жылы батареялы көліктердің үлесі 1%-дан аспаған. Мемлекет бұл нәтижеге 15 жыл ішінде жетті.
Күштік құрылымы | 2024 жылғы саудасы | 2023 жылғы саудасы |
Электрлі | 114 400 | 104 588 |
Гибрид (бензин) | 6869 | 7584 |
Қосылатын гибрид (бензин) | 3472 | 9969 |
Дизельді | 2938 | 3117 |
Бензинді | 986 | 1493 |
Қосылатын гибрид (дизель) | 17 | 200 |
Сутекті | 9 | 2 |
Жалпы саудасы | 128 691 | 126 953 |
Клиенттер электромобильге деген қызығушылықтарын жоғалтпады. 2023 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 7.2% өскен. Осы жылдың қаңтарында электрокардың үлесі 96%-ға жетті.
2024 жыл қорытындысы бойынша Норвегия нарығындағы үздік 10 автомобиль
Орын | Модель | 2024 жылғы сауда нәтижесі |
1 | Tesla Model Y | 16 858 |
2 | Tesla Model 3 | 7264 |
3 | Volvo EX30 | 7229 |
4 | Volkswagen ID.4 | 7222 |
5 | Toyota bZ4X | 6007 |
6 | Škoda Enyaq | 4610 |
7 | Nissan Ariya | 3772 |
8 | Volkswagen ID.3 | 3634 |
9 | Toyota Yaris | 3523 |
10 | Audi Q4 e-tron | 3449 |
Норвегия 2017 жылы жариялаған толығымен электрлі көлікке көшу жоспарын жүзеге асыруға жақын қалды. Бұл жоспар коммерциялық техниканы да қамтиды. Биыл елдегі барлық автобус электрлі болады, ал онжылдықтың аяғына дейін ауыр жүк көліктерінің 75%-ы жаңартылатын энергия көздеріне ауысуы жоспарлануда.
Дегенмен, елде дәстүрлі моторы бар көліктер әлі де көп. CNBC Норвегия электромобильдер қауымдастығының (NEVA) деректеріне сілтеме жасап, іштен жанатын қозғалтқышы бар машиналардың үлесі ел бойынша 72%, астанада 60%-ға жуық екенін хабарлады.

Электромобильдер Норвегияда жеңілдіктер арқасында танымал болды. Мемлекет мұндай көлік иелерін қосымша құн салығынан босатты, жол және тұрақ алымдарына жеңілдік берді, автобус жолағымен жүруге рұқсат етті. Елде қуаттау станциялары желісі мен үйге орнатуға болатын құрылғылар да жақсы дамыған.
Соңғы уақытта көптеген ел электрлі көліктердің пайдаланылуынан бас тартып жатқанымен, Норвегияның мұндай шешім қабылдауы екіталай.