КазНАИУ-да бюджет қаражатын жымқыру фактісі анықталды
Алматы прокуратурасы КазНАИУ-да бюджет қаражатын жымқыру дерегін анықтады.
Алматы прокуратурасы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде (КазНАИУ) бюджет қаражатын жымқыру фактісін анықтады. Бұл мәселе бойынша университеттің оқу-тәжірибе шаруашылығының директоры сотталды - деп хабарлайды eldala.kz тілшісі.
2020 жылы университет мемлекеттік сатып алулар бойынша үш келісімшарт жасаған, олар бойынша тәтті жүгері дәндері, «аммофос» минералды тыңайтқышы және аммоний селитрасы 43,8 миллион теңгеге сатып алынған. Прокуратураның тексеруі көрсеткендей, аталған тауарлар шын мәнінде жеткізілмеген, ақша қаражаттары қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Медеу аудандық сотының №2 шешімімен университеттің «Саймасай» оқу-тәжірибе шаруашылығының директоры қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп табылып, шартты түрде жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
Зардап толық көлемде өтелді. Соттың үкімі заңды күшіне енді, деп хабарлады ведомство.