Алматыда көз жарақатынан зардап шеккен науқасқа жоғары технологиялық ота жасалды
Алматыда ауыр көз жарақатымен түскен науқасқа ота жасалды.
69 жастағы ер адам Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық ауруханаға ауыр көз жарақатымен түсті. Науқастың айтуынша, ол үстелдің бұрышына соғылып, нәтижесінде көзінің қатты зақымдалуына алып келген жарақат алды - деп хабарлайды inalmaty.kz тілшісі.
Жарақаттың ауырлығына тоқталсақ
Науқастың диагнозы өте күрделі болды. Ол көз алмасының ауыр дәрежеде контузиясы, склераның жыртылуы, ішкі қабықтардың шығып қалуы, посттравматикалық афакия, аниридия, гемофтальм және тор қабығының ажырауы сияқты медициналық терминдермен сипатталды.
Операция барысы
- Бірінші кезеңде науқасқа склера жарасының бастапқы хирургиялық өңдеуі жүргізілді.
- Одан кейін жоғары технологиялы операция жүзеге асырылды.
- Операция барысында витрэктомия, тор қабығын лазерлік коагуляциялау және ерекше процедура — иридохрусталикалы диафрагманы имплантациялау жасалды.
Науқас үшін арнайы радужка мен хрусталик дайындалды. Операцияны офтальмология бөлімінің меңгерушісі Гүлзат Абдраимова өткізді. Нәтижесінде науқас толықтай көру қабілетін жоғалтып алмады, сонымен қатар оның көру функциялары қалпына келтірілді.