Алматылықтар пиротехникадан қалай сақтану керек?
Алматылықтарға жаңа жылдық мереке кезінде пиротехниканы пайдаланғанда сақ болу ұсынылды.
Жедел медициналық көмек қызметінің медициналық бөлім меңгерушісі Андрей Ложкин алматылықтарға пиротехникалық құралдарды пайдаланғанда абай болуды ұсынды. - деп хабарлайды inalmaty.kz тілшісі.
Ложкиннің айтуынша, халық қолжетімді пиротехникалық құралдарды сатып алады. «Әдетте, олар қолмен ұстауға арналған. Қайғылы жағдайлар, көбінесе, сапасыз пиротехниканың әсерінен болады. Соның салдарынан терінің күйіп қалуы, аяқ-қол жарақаттары, саусақ сүйектерінің үзілуі және бірінші кезекте көздің күйіп қалуы секілді жағдайлар жиі кездеседі», - деді Ложкин брифинг барысында.
Спикер сертификатталған пиротехникалық құралдарды мамандандырылған дүкендерден сатып алуға, оларды қол ұзындығынан алыс ұстауға және петардтарды ғимараттарға, балкондарға бағыттамауға кеңес берді. Сондай-ақ, пәтерде пайдаланбауды және балалардың жақындатпауын тапсырды.
Ол жарақат немесе күйік пайда болған жағдайда, көзді уқаламау қажеттігін атап өтті. Бұл ұзақ уақыт бойы жазылуға, қосымша зақымдануға және тіпті көру қабілетін жоғалтуға алып келуі мүмкін.
«Екінші қате – жараның немесе күйіктің бетіне арналған емес майлар мен кремдерді қолдану. Бұл жазылу процесін кешіктіреді және тыртықтардың пайда болуына себеп болады, бұл балаларға, әсіресе қыздарға эстетикалық тұрғыда ұнамсыз болады», - деп қосты Ложкин.
Спикер жарақат алған жағдайда, дереу жедел жәрдем шақыруды ұсынды. Ложкиннің айтуынша, орта есеппен пиротехnikалық құралдардан 10-15 адам зардап шегеді.
Сонымен қатар, қалалық Төтенше жағдайлар департаменті пиротехникалық бұйымдарды сатып алғанда олардың қаптамасының мыжылмағаны және бұзылмағанына назар аударуға ескертуде. Сондай-ақ, өнімнің сақтау мерзіміне көңіл аудару қажеттігін атап өтті. Пиротехниканы ыстықтан және ылғалдан алыс жерде сақтаған жөн.
Төтенше жағдайлар департаменті 16 жасқа дейінгі балаларды ракеталар мен петардаларды пайдалануынан шеттету қажеттігін, сондай-ақ 50 метр радиуста кедергілердің болмауын тексеруге кеңес берді; іске қосу кезінде қораптың үстіне қисаймау; жел күшті болғанда пиротехникалық құралды іске қоспау және егер ол қосылмаса, қайтадан іске қоспау туралы ескертті.
- Петардаларды адамдар мен жануарларға бағыттауға болмайды;
- Оларды аяқ астына лақтырмау керек;
- Петардаларды ашық жерлерде, ағаштар мен электр желілерінен алыс жерде іске қосу ұсынылады.
Ведомство жыл сайын Алматыда жаңа жылдық мерекелер кезінде орта есеппен 11 өрт оқиғасы болатынын, олардың 18%-ы пиротехникалық құралдарды пайдалану себепті екенін атап өтті.