Ақтөбеде мас күйінде көлік жүргізген әйел ұсталды

Ақтөбе облысында жүргізу құқығынан айырылған әйел мас күйінде көлік тізгіндеді.

👁️ 7
Сурет: aktobetimes.kz

38 жастағы әйел 2021 жылы 7 жылға жүргізу құқығынан айырылды. Алайда, заңды бұзып, мас күйінде көлік жүргізуді жалғастыра берді, хабарлайды Актобе Таймс.

Кандыағаш қаласында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бұзған «ВАЗ» маркалы автокөлікті тоқтатты. Рульде отырған 38 жастағы әйелдің жағдайы полицияда күдік тудырды. Медициналық тексеру нәтижесінде оның алкогольдік масаңдық күйінде екендігі анықталды.

Сонымен қатар, оның жүргізуші куәлігі жоқ екендігі белгілі болды.

«Алкогольдік масаңдық күйінде көлік құралын басқарған, бұрын жүргізу құқығынан айырылған тұлға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Автомобиль полиция бөлімі аумағында тұрғызылды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына жабылды»
, - деп хабарлады полиция департаменті.

Құқық қорғау органдарының мәліметтеріне сүйенсек, 2025 жылдан бастап Ақтөбе облысында жүргізу құқығынан айырылған 12 жүргізуші мас күйінде рульге отырғаны анықталды.