Қазақстанның мемлекеттік қызметтері: цифрландырудың жаңа кезеңі
Қазақстанның цифрландыру саясаты және оның тұрғындарға игілігі туралы ақпарат.
Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтердің 93%-ы электрондық форматта ұсынылады. Оның 90,8%-ы eGov Mobile платформасында қолжетімді.
20 желтоқсанда Ақтау қаласында Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабековтың Маңғыстау облысы тұрғындарымен есептік кездесуі өтті. Кездесу барысында Мәлік Серікұлы мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы атап өтті.
Сандық қызметтердің өсуі
Қазақстан онлайн қызметтерді дамыту бойынша әлемнің үздік 10 елінің қатарына енді. Сандық құжаттарды танымал ету қағаз құжаттарды пайдалануды азайтып, азаматтардың өмірін жеңілдетуде. Қазірдің өзінде 34 сандық құжат қолжетімді.
«Invisible Government» тұжырымдамасы аясында бюрократиялық процестер айтарлықтай қысқартылды: рәсімдер саны 605-тен 175-ке, ал мемлекеттік органдарға бару саны 119-дан 21-ге дейін азайды.
Әлеуметтік бастамалар
Вице-министр цифрландырудың азаматтарға ыңғайлы болуын қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік бастамаларды ерекше атап өтті:
- 800 мыңнан астам әлеуметтік маңызды қызмет цифрландырудың көмегімен көрсетілді;
- «Әлеуметтік әмиян» жобасы енгізілуде, қазіргі уақытта пилоттық режимде екі қызмет іске қосылды: тегін дәрі-дәрмек пен мектеп оқушыларына тегін тамақтану;
- Азаматтардың медициналық деректері енді e-Densaulyq сервисі арқылы қолжетімді.
Алдағы жоспарлар
Сонымен бірге, 2024 жылы іске асырылған цифрлық сервистерге тоқталып, IT саласына шолу жасалды. Маңғыстау облысы бойынша байланыс сапасына тоқталып, алдағы жылдардың жоспарымен бөлісті.
Цифрландыру және қоғамдық қауіпсіздік
Министрліктің маңызды бағыттарының бірі өңірлерді цифрландыру. Ақтау қаласында азаматтармен жедел байланыс орнату үшін 109 Бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді, жыл басынан бері орталыққа 40 мыңнан астам өтініш түскен. Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында бейнебақылау жүйелері кеңейтілуде: облыс аумағында 46 мың камера орнатылған.
Сонымен қатар, вице-министр өңір тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Маңғыстау облысы үшін өзекті мәселелердің бірі — сапалы байланыс пен Интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету болып табылады. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету және байланыс саласы бойынша сұрақтар қойылды.