Rezvani RR1: Porsche 911-нің экстравагант модернизациясы
Американдық Rezvani компаниясының жаңа суперкар жобасы

Американың Rezvani компаниясы RR1 жобасының жаңашыл рендерін таныстырды. Бұл суперкар Porsche 911 негізінде жасалған да, бағасы 195 мың доллардан (97 млн теңге) басталады, қосымша опцияларымен бірге.
Rezvani RR1 донордан негізінен сырт пішінімен ерекшеленеді. Дизайнерлер шанақты 1970 жылдардағы Porsche автомобильдерінің стилінде әрледі. Компания RR1-ді әзірлеу барысында жарысқа арналған Porsche 935 пен Kremer Racing командасының жарыс машиналарынан шабыт алғанын хабарлады.
Суперкар ретрооптика, арка кеңейткіш және үлкен диффузормен біріккен ірі антиқанаты бар жаңа алдыңғы бөлігімен көз тартады. Алюминий есіктен басқа шанақ панелі көміртекті пластиктен жасалған.

Фотосуреттен Rezvani интерьер архитектурасын өзгертпегені байқалады. Тек беріліс қорабы иінтірегінің ағаш тұтқасы сияқты бірнеше аксессуар ұсынған.
RR1-дің 911 Carrera T немесе 911 Turbo S-ке негізделген екі түрленімі шығады. Біріншісі механика немесе робот қорабы бар 600 ат күшіне ие 3 литрлік алты цилиндрлі мотормен жүреді, машина артқы жетекті. Екіншісі 760 күш беретін 3.8 литрлік агрегат көмегімен қозғалады. Ол PDK беріліс қорабы және толық жетек жүйесімен жұмыс істейді.

Қосымша жабдықтар тізіміне Ohlins компонентінен жасалған жарысқа арналған аспа, 21 дюймдік дөңгелек дискісі, интеркулер, Brembo тежеуіші және қауіпсіздік қаңқасы кіреді. Автомобиль шанағымен бірдей стильдегі спорттық шлемге де тапсырыс беруге болады.
RR1 ретростильдегі автомобильдерден тұратын Rezvani-дің жаңа топтамасындағы алғашқы модель атанады. Компания алғашқы суперкарының өндірісін биыл жазда бастайды.