Алматыдағы экология мәселесі: шешімдердің тиімділігі
Көлік шығарындылары мен экологиялық орнықты даму

Алматыда экология мәселесіне арналған қоғамдық тыңдау өтті. Биыл әзірленген шекті жол берілетін шығарындыларының жиынтық томына сәйкес, Алматы ауасының негізгі ластаушысы – көлік. Мегаполистегі жалпы шығарынды көлемі жылына 189 мың тонна болса, оның 112 мың тоннасы (60%) машиналардан шығады. Екінші орында кәсіпорындар — 52 мың тонна (27.5%) және жеке сектор (жеке тұрғын үйлер мен моншалар) — 21 мың тонна (11%).
Көлік саласындағы сарапшы Елена Ерзаковичтің айтуынша, «Алматы автопаркінің жағдайы алаңдатады. Қаладағы көліктердің үштен бірі экологиялық талаптарға сай келмейді, яғни олар Еуро-0 және Еуро-3 стандарттарына кіреді. Дамыған елдер мұндай автомобильдердің жолда жүруіне әлдеқашан тыйым салған. Демек, біз, алматылықтар, ауаны өзіміз ластап жатырмыз».
Қалалық мәслихат депутаты Бейбіт Апсенбетов, Алматыда ескі көлік санын азайту үшін кешенді шараларды жедел іске асыру қажет деп мәлімдеді. Ол қоғамдық көлікті тегін ету мен Әл-Фараби даңғылында арнайы автобус жолағын тезірек салуды ұсынды. Қоғам белсенділері мопедтерге де назар аударды, өйткені олардың техникалық жағдайын ешкім бақыламайды.

Ерзакович мопедтер туралы: «Қазір барлығы скутер жүргізіп кетті. Біз оған тыйым сала алмаймыз, бірақ қала ішінде мұндай тасымал түрі электрлі көлік немесе велосипедпен жасалуы керек деп талап қоюымыз мүмкін. Шешім бар, сондықтан дұрыс басымдық беріп, қаламызға жұмыс істеуге келгендерді өзімізге қарсы қоймайық» деп мәлімдеді.
Ұсынылған шаралар
Нәтижесінде мынадай ұсыныстар айтылды:
- Алматыда зиян газ аз аймақтарды белгілеп, онда Еуро 0-4 класты көлік қозғалысын шектеу.
- Сол аймақтарға кіретін ескі машина үшін ақы сұрау, оның мөлшерін экокласқа байланысты бекіту.
- Техбайқау орындарының жұмысын қатаң қадағалау, өйткені қоғам белсенділері Алматыдағы 138 орталықтың 80-і заңды бұзып жұмыс істеп отыр деп санайды.
Өткендегі тәжірибелер
Мегаполистің кейбір жерінде көлік жүргізбеу, тіпті шеттен машина кіргізбеу туралы түрлі пікір естіп жүргенімізге бірнеше жыл болды. Бұл мәселені шенділер де талай көтерді. 2010 жылы сол кезде әкімнің орынбасары болған Ербол Шорманов облыстан келетіндерді қалаға мүлде кіргізбейміз деп сес көрсеткен. Алайда, шенділер мұндай іс заңға томпақ келетінін түсініп, қала ортасында ақылы тұрақ ашумен шектелді.
Бұдан кейін, 2013 жылы Нұрсұлтан Назарбаев шаһар басшысы Ахметжан Есімовке басқа өңірде тұратындарды машинасын сыртта қалдырып, қала орталығына қоғамдық көлікпен жетуге мәжбүрлеуді тапсырған болатын. Алайда, «жоба» әлі жүзеге асқан жоқ.
2020 жылы жергілікті билік оңтүстік астананың орталығына баратындардан ақы алу және автомобильдердің нөміріне сәйкес тақ не жұп күндері ғана жүруіне рұқсат беру мүмкіндігін қарастырамыз деп сөз берді. Бірақ бұл уәде де орындау үшін қалмады.
2023 жылы Ерболат Досаев ауаны ластау деңгейін төмендету үшін қолданылатын шаралар тізімін бекітіп, экологиялық таңбалау енгіземіз деп мәлімдеді. Дегенмен, әзірше ештеңе өзгерген жоқ.

Жол ережесіне 5.50 «Механикалық көлік құралдарының экологиялық класын шектеу аймағы» белгісі қосылды.
Сарапшылар аракідік бас қосып, түрлі пікір білдіріп жүргенін білеміз, тек одан еш нәтиже байқалмады. Аталған шаралар Алматының ауасын таза етуге сеп бола ма, қалай ойлайсыз?