Калифорния автоөнеркәсібінің жаңа ережелерін сақтай ма?
Калифорниядағы экологиялық стандарттар мен көлік сатылымы

Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің жаңа басшысы Ли Зелдин Калифорнияның экологиялық стандарттарын жоюды жоспарлап отыр. Бұл стандарттарға сәйкес, автосалондарда 2035 жылға қарай тек шығарынды деңгейі төмен көліктер сатылуы тиіс.

Carscoops хабарлағандай, Зелдин «америкалықтар қауіпсіз әрі арзан автомобиль таңдау мүмкіндігінен айыратын ережелермен күресіп келетіндіктен» осындай шара қолданылады деп түсіндірді.
Қорытынды шешімді Конгресс қабылдайтындықтан, республикалық партияның екі палатада да басымдылығы түзету енгізу барысында кедергі туындамайтынын көрсетеді.
Дүниежүзі бойынша электромобильдердің таралуы
Соңғы уақытта электромобильдің таралуы, әсіресе Қытай мен Норвегиядан басқа елдерде бәсеңдеді. Бұл құбылыстың себептері:
- Іштен жанатын қозғалтқыш технологиясына қайта инвестиция құю.
- Автоөндірушілер мен мемлекеттер арасындағы бұрынғы міндеттемелерді қайта қарау.
2023 жылы Швеция билігі 31 желтоқсаннан бастап Стокгольмнің қаржы-сауда орталығына тек электромобильдер мен газбен жүретін коммерциялық техникалардың кірюіне рұқсат берген.
Bloomberg деректері бойынша, билік жаңа ереженің күшіне енбей тұрып, бір ай бұрын осы жоспардан бас тартты.
Еуропадағы жағдай
Еуроодақтың 2035 жылдан кейін дәстүрлі моторы бар жаңа машиналарды сатуға тыйым салу жоспары әлі күшінде. Бірақ автоөнеркәсібі дамыған елдер бұл шешімге қарсы пікір білдіруде. Көптеген қалада ескі көліктердің қозғалысына шектеулер енгізілуде.

Лондонда 2019 жылдан бастап шығарынды деңгейі төмен аймақ (Ultra Low Emission Zone, ULEZ) іске қосылды. Экологиялық класы төмен темір тұлпарлардың аталған аймаққа кіруі үшін иесі тәулігіне 12.5 фунт стерлинг төлеуі керек.
Париж билігі биыл 1 қаңтардан бастап ZFE аймағына шыққанына 14 жылдан асқан дизельді және 19 жылдан асқан бензинді көліктердің кіруіне тыйым салды.

Бірақ еуропалық жүргізушілер арасында бұл шешімнің қабылдануына байланысты пікірлер әр түрлі. Daily Telegraph деректері бойынша, 2023 жылы бұзақылар Лондондағы камераларды қиратуды жалғастырған.
Алматыдағы жағдай
Алматыдағы шенділер де ескі көлік қозғалысын шектеу не иесіне салық салу мүмкіндіктерін қарастыруда. Қоғамдық кеңесте қаланың ауасын көлік шығарындысы бұзатыны, барлық шығарындының 60%-ы соның үлесінде екені талқыланды. Экологтар шығарынды деңгейі төмен аймақтар құру және көліктің экологиялық класына сай таза аймақтарға кіру ақысын енгізуді ұсынды.