Қазақстанда техпаспортсыз көлік сату заңдылығы

Кедендік тазартудан өткен, бірақ тіркелмеген көлікті сату мәселесі

👁️ 16
Сурет: Тимур Еникеев

Оқырмандар Kolesa.kz-ке хабарласып, кедендік тазартудан өткен, бірақ толық тіркелмеген, яғни Қазақстанда техпаспорт пен мемлекеттік нөмір алмаған автомобильді сатуға бола ма деген сұрақ қойды. Осы сауалға Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Интеграция және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Әділбек Бектібаев жауап берді.

Қазақстанда автомобильді бастапқы тіркеусіз сату фактісі кездеседі. Бастапқы тіркеу процедурасынан өтпеген көлік ҚР ІІМ базасында жоқ болғандықтан, сатушы мен сатып алушы ЭЦҚ арқылы келісімшартқа қол қойып, көлікті онлайн есепке ауыстыра алмайды. Нотариус арқылы автомобильді заңды түрде сату да мүмкін емес, өйткені заңгерлер жүйе деректерін тексеріп, техпаспорт талап етеді.

Нәтижесінде екі тарап өзара қол алысып, сатып алушы автомобильді тіркеу үшін импорттаушыдан алған құжаттарымен арнайы ХҚКО-ға барады. Алайда, бұл заңсыз әрекет болып табылады.

«Жеке тұлға Қазақстанға үшінші елден әкелген көлік құралын иеліктен шығару үшін меншік құқығын растауы қажет. Ол үшін машинаны бастапқы тіркеу керек. Көлікті есепке қояр кезде алым-салықтың бәрін көлік құралын шетелден әкелген жеке тұлға төлейді. Яғни, өзге елден кірген машинаны бастапқы тіркеусіз иеліктен шығаруға тыйым салынады», — деді А.Бектібаев.

Мысалы, жеке тұлға өзі пайдалану мақсатында бірнеше машина әкеліп, кейін оларды сатса, бірақ ешбірін есепке қоймаған жағдайда, салық органдары оның коммерциялық қызметін бақылап отыра алмайды. Өйткені, мұнда бастапқы тіркеу және кейіннен есептен шығару фактісі болмайды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі автомобиль тіркеу ережесіне түзетулер енгізуді жоспарлап отыр. Енді арнайы ХҚКО-лар көлікті алғаш есепке қойған кезде оның бір адамның атына тіркелгеніне көз жеткізу үшін құжаттарды тексереді.

Көлік иесі автомобиль кеденде рәсімделгеннен кейін міндетті түрде 10 күн ішінде тіркеуге қойылуы тиіс. «Жол жүрісі туралы» заңда осындай талап белгіленген.

Разрешено ли продавать ввезённое авто до первичной регистрации?