Toyota жаңалықтары: жаңа концепт-кар мен электрокарлар
Брюссельде Toyota компаниясы FT-Me концептін таныстырды

Toyota Брюссельде жаңа C-HR+ электрлі кроссоверімен бірге ерекше концепт-кар ұсынды. FT-Me деген атау алған көлік компанияның болашақтағы қалалық электромобиль туралы не ойлайтынын көрсетеді. Бренд презентация барысында үш жаңа электрокардың тизерін көрсетті. Toyota кроссоверден бөлек, батареялы пикап шығармақшы.




FT-Me концептісі техникалық тұрғыдан ауыр квадрицикл. Еуропаның кейбір елінде мұндай техниканы 14 жастан бастап жүргізуге болады. Citroen, Opel және Renault осындай шағын көлік шығарады, бірақ Toyota прототипі ерекше технологиялық дизайнымен, қырлы дөңгелек аркаларымен және ерекше жарық техникасымен ерекшеленеді.
Жоба авторлары ұзындығы 2.5 метрден аспайтын көлік Еуропа көшелерінде стандарт автотұрақтың жартысын, ал тігінен қойғанда үштен бірін алады дейді. Екі ересек адам сыятын машинада шағын жүксалғыш та бар.

Үлкен рөл мен шағын аспаптар панелі тұрған салоны футуристік стильде жасалған. Педаль мүлдем жоқ, ол тек қолмен басқарылады. Мүмкіндігі шектеулі жандар ештеңе өзгертпей пайдалана алады. Интерфейсті смартфонға жіксіз қосып, кейбір функцияны қашықтан басқару қарастырылған.
Электр қуатын шатырдағы күн панельдері арқылы да толтыра аласыз. Олар күніне 20–30 шақырымға жететін қуат береді, бұл Еуропадағы қарапайым жүргізушінің күнделікті қозғалысына жеткілікті. Күн шуақты аймақтарда бұл ситикарды тегін пайдалануға болады. Toyota концептінің басқа техникалық сипаттамасына қатысты нақты жоспарын жарияламады. Бірақ FT-Me 2027 жылы конвейерге тұрады деген мәлімет бар.

Toyota батареялы ірі модельдерін бұдан бұрын көрсетеді. Алдағы бірнеше жылда компания екі кроссовер мен бір пикап шығаруды жоспарлап отыр. Бес есікті электромобильдердің бірі флагмандық модель болуы ықтимал, себебі салоны жеті жолаушыға арналған. Пикап 2023 жылғы EPU концептісінің жалғасы болады. Ұзындығы бес метрге жететін, екі қатарлы кабинасы мен көтергіш шанағы бар электрлі жүк көлігі Ford Maverick және Hyundai Santa Cruz секілді модельдерге бәсекелес болуы мүмкін.