Абай облысында ауыл шаруашылығын дамыту моделі
Абай облысында ауыл шаруашылығын дамыту моделі жасалды.

Абай облысында 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығын дамыту моделі әзірленді. Оның құрамына ет кластерін құру, сүт-тауар фермаларын салу, етті құс шаруашылығын дамыту және суармалы жерлерді кеңейту сияқты бағыттар кіреді - деп хабарлайды eldala.kz тілшісі.
- Аталған бағытта ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде ет комбинатын, бордақылау алаңдарын, сүт-тауар фермаларын, суды үнемдейтін технологияларды, қой шаруашылығы мен тауарлық балық өсіруді дамыту жобалары жүзеге асырылуда. Жалпы қаржы көлемі - 13 миллиард теңге.
Облыс әкімдігі мәліметіне сәйкес, жылдың соңына дейін қосымша 8 миллиард теңге бөліну жоспарлануда. Ет кластерін дамыту аясында Жанасемей ауданындағы Шакаман ауылында қуаты тәулігіне 35 тонна ет өндіретін "ЕвразияАгроСемей" ЖШС ет өңдеу кешенінің құрылысы басталды. Мұнда жылына 12,6 мың тонна ет өнімдерін өндіру жоспарланып, 7 мың қойды бордақылауға арналған алаң дайындалды.
“Бұл кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарын ашады және облыстың азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосады. Біз бұл бағытта жұмыстарымызды жалғастыра береміз әрі тиісінше қолдау көрсетуге әзірміз”, - деді облыс әкімі Берік Уәли.
Биыл облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 3%-ға артып, 486 миллиард теңгеге жетті. Ірі қара мал саны 743 мың басқа жетіп, аймақ республикада 3-орынға тұрақтады.