«Өрлеу» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлерге арзан кредит беріледі

«Даму» қоры кәсіпкерлерге жаңа бағдарламаны таныстырды.

👁️ 7
Сурет: eldala.kz

Кәсіпкерлікті дамыту қоры «Даму» Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі мен «Байтерек» холдингінің қолдауымен жаңа «Өрлеу» жеңілдетілген кредит беру бағдарламасын іске қосты. Бұл бағдарлама микро, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған - деп хабарлайды eldala.kz тілшісі.

Жаңа бағдарлама аясында заем алушылар үшін сыйақы мөлшерлемесі жылына 12,6%-дан аспайды. Бағдарламаға бөлінген жалпы қаржы сомасы 750 млрд теңгені құрайды, оның 300 млрд теңгесі қор тарапынан, ал 450 млрд теңгесі екінші деңгейлі банктермен бірге қаржыландыру жолымен тартылатын болады.

Бағдарламаның негізгі шарттары

  • Максималды займ сомасы: инвестициялар үшін 7 млрд теңгеге дейін, айналым қаржылары үшін 3,5 млрд теңгеге дейін;
  • Сыйақы мөлшерлемесі - жылына 12,6%-дан аспайды;
  • Қаржыландыру мерзімі: инвестициялық мақсаттарға 10 жылға дейін, айналым қаржыларын толықтыруға 3 жылға дейін, кредиттерді қайта қаржыландыру үшін - қаржыландырылған қарыздың қалған мерзімі.

«Өрлеу» бағдарламасы кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыруға бағытталған, оның шеңберінде басым салаларда, атап айтқанда, өндеу өнеркәсібінде, азық-түлік өнімдерін өндіруде, көлік және сақтау секілді салаларда арзан кредиттер беріледі.

«Өрлеу» бағдарламасына қатысу үшін кәсіпкерлерге тікелей кредиторларға жүгінуі қажет. Қазіргі уақытта Freedom Bank, Банк ЦентрКредит және Halyk Bank-пен тиісті келісімдер бекітілген.