Қазақстанда мал азығын оңтайландыру семинары өтеді
12 наурызда өтетін семинар мал азығын оңтайландыру тақырыбына арналады.

Мал азығының рецепттерін құрастыруға арналған семинар 12 наурызда AgriTek/FarmTekAstana-2025 ауылшаруашылық көрмесінің аясында өтеді. Эксперттік кездесуді АҚШ соя экспорт кеңесі (USSEC) ұйымдастырады. Спикер ретінде Румынияның жемшөп өндірушілер ассоциациясының президенті, USSEC консультанты доктор Яни Кихая шығады - деп хабарлайды eldala.kz тілшісі.
- Семинардың мақсаты: мал азығын оңтайландыру арқылы шығындарды азайту, қалдықтарды және көміртегі ізіне әсер етуді төмендету.
- Негізгі тақырыптар: прецизионды азықтандыру, ферменттерді қосу, ингредиенттерді оңтайландыру.
«Азық өндірісінің жалпы шығыстарының 70%-ын құрайтындықтан, ингредиенттерді таңдау мен рецепттерді минималды құнына есептеу рентабельділікті қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады»
Доктор Яни Кихая соя шротына, тұрақты мал шаруашылығындағы маңызды ақуыз көздері ретінде ерекше назар аударады. Соя шротының жоғары сіңірілуі, теңдестірілген аминқышқылдары құрамы және қоршаған ортаға әсерінің төмендігі оны азықтық рационында бағалы компонент етіп отыр.
Яни Кихая - жемшөп және малды азықтандыру саласындағы кәсіби маман, ғылыми және техникалық тәжірибесін жемшөп өндіру және мал шаруашылығында бизнес түсінігімен ұштастырып жүрген маман. Ол тәуелсіз және интеграцияланған жемшөп компаниялары үшін көптеген жобаларды сәтті басқарды. Доктор Кихаяның назар аударарлық жетістіктерінің бірі — мал азығын қоректендіруде экструдирленген сояның қолданылуына ықпал етуі болды.
Естеріңізге сала кетейік, AgriTek/FarmTekAstana-2025 халықаралық ауылшаруашылық көрмесі 12-14 наурыз аралығында EXPO халықаралық көрме орталығында өтеді. Биылғы жылы көрме өзінің 20 жылдығын атап өтуде. Іс-шараға 15 елден 200-ге жуық компания қатысуға тіркелді. Олар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қажетті техникалар, тұқымдар, тыңайтқыштар, жемдер, ветеринарлық препараттар және басқа да өнімдер ұсынуды жоспарлап отыр.