IT-Aiel 2.0: Әйелдерге арналған цифрлық білім мен даму мүмкіндіктері
IT-Aiel 2.0 бағдарламасы әйелдердің IT саласындағы әлеуетін арттыруға бағытталған.
Astana Hub IT-Aiel 2.0 білім беру бағдарламасы аяқталуға жақын. Бұл жоба Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен және «TechnoWomen» ҮЕҰ-мен бірлесіп жүзеге асырылуда.
Бастама әйелдерге цифрлық дағдыларды дамытуға мүмкіндік беріп, IT-салада кәсіби өсуге жағдай жасауды көздейді.
Жоба нәтижелері
2024 жылдың маусымында басталған жоба үлкен қызығушылық тудырып, Қазақстанның барлық аймағынан 5200 әйел жаңа дағдыны игеруге ниеттенді. Олардың 3084-і оқу процесін бастады, белсенді түрде No-code бағдарламалау, фриланс негіздері, электрондық коммерция сияқты дағдыларды меңгеруде.
Қатысушылардың әлеуеті
Бағдарлама 18 жастан асқан әйелдерді, оның ішінде:
- жұмыссыздарды,
- декреттік демалыстағы әйелдерді,
- студенттерді
- жас кәсіпкерлерді
қамтиды. Қатысушылардың басым бөлігі Астана, Алматы және Алматы облыстарынан тіркелген.
Табысты бастамалар
Екінші лектің бірқатар табысты бастамалары бар:
-
Қызылордалық Сағиля Сағидан EdKids атты білім беру платформасын әзірледі.
-
Ақтөбелік Әсел Қаражан менталдық арифметикаға баулитын мектептің сайтын құрастырды.
-
Астаналық Меруерт Жарылқасынова гранттар туралы ақпарат беретін «Qadam» мобильді қосымшасын іске қосты.
-
Алматылық Айдана Сембаева клиенттермен әрекеттесуді автоматтандыруға арналған чат-бот әзірледі.
Бірінші лектің жетістіктері
2023 жылы IT-Aiel бағдарламасының бірінші легі аясында 2000-нан астам әйел оқудан өтті. 50 қатысушы өздерінің IT-өнімдерін жасап, мансаптық әлеуетін едәуір жақсартты.
IT-Aiel жобасының маңызы
IT-Aiel жобасы цифрлық білімнің әйелдер үшін мүмкіндік екенін көрсетеді. Жоба әйелдердің дағдыларын дамытуға және Қазақстанның IT индустриясына маңызды үлес қосуына септігін тигізеді.