2024 жылы Қазақстанның жоғары білім саласын цифрландыру: Жаңа мүмкіндіктер мен жетістіктер

Жоғары білім беру саласындағы цифрлық платформа ашықтықты арттыруда.

👁️ 12
Сурет: profit.kz

2024 жылы еліміздің жоғары білім саласын ашықтық пен қолжетімділіктің сапалы жаңа деңгейіне көшіру мақсатында Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы іске қосылды. Бұл 2,6 миллион пайдаланушы мен мыңдаған білім беру бағдарламасын біріктіретін ауқымды цифрлық экожүйе болып табылады.

Кеше ҚР ҒЖБМ Цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету департаментінің директоры Нұрсұлтан Махатов ОКҚ алаңында аталмыш платформаның міндеттері туралы баяндады. Оның айтуынша, платформа министрлік қызметіне қатысты ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу және ұсыну үшін құрылған.

Платформаның негізгі міндеттері

  • Білім беру мониторингін жүргізу үшін есептерді қалыптастыру;
  • Білім беру бағдарламаларының тізілімін жүргізу;
  • Жоғары білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру;
  • Стипендия төлеу үшін деректерді пайдалану;
  • Ақпараттық жүйелермен интеграциялау.

Қазіргі уақытта платформада 700 мыңнан астам білім алушы, 44 мыңнан астам оқытушылар, және 2,6 миллионнан астам түлек туралы мәлімет бар.

Жаңа цифрлық шешімдер

2024 жылы платформада 154 мыңнан астам диплом құжаттарының нөмірлері генерацияланды. Платформа арқылы 202 мыңнан астам студент стипендия алуда, ал ағымдағы жылдың қаңтарында төленген стипендия көлемі шамамен 13,4 миллиард теңгені құрады. Бұдан бөлек, платформада 104 жоғары оқу орнының паспорты мен 8394 білім беру бағдарламасының деректері сақталған.

Интеграция мен инновация

Еліміздің барлық жоғары оқу орындары LMS, eGov, Халыққа қызмет көрсету орталықтары, Астана Хаб, және басқа да мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған. 2024 жылы платформаның 8 жаңа модули енгізілді, олар:

  • Білім туралы құжаттарды генерациялау модулі;
  • Статистика модулі;
  • Мәліметтер модулі;
  • Мемлекеттік қызметтер модулі;
  • Стипендияларды қаржыландыру модулі;
  • Тәуекелдерді басқару жүйесі;
  • ЖОО паспорты модулі;
  • Цифрлық құжаттар сервисі.
"Платформа арқылы стипендия төлемдерінің ашықтығы мен уақтылығын қамтамасыз етеміз."
— Нұрсұлтан Махатов.

Цифрлық құжаттар сервисі пайдаланушыларға дипломдары мен студенттік билеттеріне цифрлық форматта қол жеткізуге мүмкіндік береді. Egov mobile қосымшасымен интеграция арқылы пайдаланушылар дипломдарын цифрлы түрде сақтай алады, бұл қағаз көшірмелерін ұсыну қажеттілігін болдырмайды.