Австрия Президенті жаңа үкімет құруды ультраоңшылдарға тапсырды
Австрия Президенті Александр Ван дер Беллен ультраоңшыл «Азаттық партиясының» жетекшісі Герберт Киклге жаңа үкімет құру міндетін жүктеді.
Австрия Президенті Александр Ван дер Беллен ультраоңшыл «Азаттық партиясының» жетекшісі Герберт Киклге жаңа үкімет құруды тапсырды. Бұл туралы Der Standard хабарлайды.
Мемлекет басшысының айтуынша, Киклдің міндеті — 50 пайыздан астам дауыс жинайтын үкімет құру мүмкіндігін зерттеу. Ван дер Беллен бұл қадамның оған жеңіл болмағанын ерекше атап өтті.
Австрия Президенті үкіметтің белгілі бір негізгі принциптерді құрметтеуі тиіс екенін атап өтті:
- заңның үстемдігі,
- биліктің бөлінуі,
- адам құқықтары мен азшылықтардың құқығы,
- еркін және тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралы,
- елдің Еуропалық Одаққа мүше болуы.
Бұған дейін Австрия канцлері және Австрия халық партиясының (АНП) жетекшісі Карл Нехаммер коалициялық келіссөздердің үкімет құру мәселесінде сәтсіздікке ұшырағанын жариялап, қызметінен кеткенін мәлімдеді. Ол өзінің партиясының Австрия Социал-демократиялық партиясымен ұзақ әрі әділ келіссөздер жүргізгенін жеткізді. Оның айтуынша, қарсыластарымен негізгі мәселелер бойынша келісу мүмкін болмады.