Қазақстанда міндетті сақтандыру тарифтері күрт өсті
Жаңа өзгерістердің жүргізушілерге әсері

7 сәуірден бастап Қазақстанда кей жүргізушілер үшін сақтандыру тарифтері едәуір қымбаттады. Бұл өзгеріс көлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша енгізілген «бонус-малус» жүйесінің коэффициентін есептеу мен қолдану ережесіне қатысты болды.
Сақтандырудың жаңартылған тәртібі жүргізуші куәлігін жаңа алған азаматтар мен жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілерге теріс әсерін тигізді. Қазіргі уақытта халық арасында тарифтердің күрт көтерілуіне қатысты түрлі пікірлер айтылуда.
Депутаттың пікірі
Бүгін мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев ресми сауал жолдап, жаңа ереженің көлік саласы өкілдерінің пікірін ескермей қабылданғанын айтып, наразылық білдірді. «Бұл өзгерістер Қазақстанда тіркелген 6 миллионға жуық көлік иесіне әсер тигізуде,» - деді депутат.
«Мысалы, 2023 жылмен салыстырғанда өңірлерде тариф екі есе өсіп, 78 мың теңге болды. Астанада, жаңа жүргізушілер үшін, үш есе артып, 112 мың теңгеге жетті,» - деді Е.Бейсенбаев.

Теңсіздік мәселесі
Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, жаңа қаулыда азаматтар арасында теңсіздік туғызатын нормалар бар. Мысалы, елге кірген шетелдік жүргізушілерге ең жоғары 13-класс беріліп, 50% жеңілдікпен полис рәсімдейді. Ал Қазақстан азаматтары бұл жағдайда бірнеше есе көп төлейді.
Дискриминацияға қарсы пікір
Депутат, сондай-ақ, өңірлер арасында дискриминация барын атап өтті: «Қаулының 11-тармағында көлік құралдары тіркелген аумақтан тыс жерде болған жол апатын есепке алу үшін «бонус-малус» класы 1-деңгейге түсетіні жазылған, бұл азаматтардың республика аумағында еркін жүріп-тұру құқығын шектейді,» - деді ол.

Мопедшілердің жағдайы
Депутат ескерткен тағы бір мәселе - мопедшілердің жағдайы. Бұрын олар полис үшін 7 мың теңге төлесе, енді жаңа жүргізуші ретінде шамамен 50 мың теңге төлеуге мәжбүр болып отыр. Бұл мопедтің өз бағасымен бірдей.
«Егер тариф 20-30% көтерілсе, қисынға келер еді, бірақ бірден 200% көтеру - орынсыз,» - деп мәлімдеді мәжілісмен.
Оның айтуынша, Қаржы нарығын реттейтін органдардың бұл қаулысы Конституцияға қарсы, сақтандыру компанияларының мүддесін көздейді. Сондықтан, депутат оны қайта қарауды ұсынды.