Huawei-дің электрокарды қуаттаудың жаңа роботы
Автоматты зарядтау технологиясы: Huawei-дің жаңа шешімі
Huawei бренді электрокар аккумуляторын қуаттау үшін адамның көмегін қажет етпейтін технологияны таныстырды. Барлық механикалық операцияларды робот манипулятор жүзеге асырады. Қазіргі уақытта бұл тек демонстрация мақсатында жасалған, бірақ өз кезегінде Huawei осындай роботты өз қуаттау станцияларына қосу жоспары бар.
Компания жариялаған видеода процесс толықтай бейнеленген. Онда автоматты түрде қуаттау кабелі электрокардың портына жалғанады. Қытайлық БАҚ-тың ақпаратына сәйкес, Huawei автоматты төлем қабылдау функциясын да енгізбекші, яғни зарядтау үшін батырма басудың қажеті болмайды.
[media=https://www.youtube.com/watch?v=Y8GhxKyCPx4]
Видеодағы манипулятор 600 кВт ток қуатын беретін Huawei қуаттау станциясына орнатылған. Бүгінде концерн 11 автоөндірушімен бірігіп, қуаттау желісін іске асыруда. Алғашқы өнімдер BYD, Xpeng, Lixiang, Aito және JAC брендтерінің электрокарларын қуаттау үшін қолданылады. Huawei робот өндірісін биыл II тоқсанда бастау жоспарланып отыр.
Бейнероликте көрсетілген сәнді седан — Huawei мен JAC-тің бірлескен туындысы, Maextro S800. Оны Еуропадағы премиум модельдер, соның ішінде Maybach-қа бәсекелес ретінде ұсынады. Түсірілім барысында автоматты тұраққа қою функциясы демонстрацияланды.