Конституцияның отыз жылдығына орай амнистия жобасы мақұлданды
Қазақстанда жүргізушілерге амнистия шаралары мен алғышарттары

Мәжіліс Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасын мақұлдап, құжатты сенатқа жіберді. Президенттің қол қоюынан кейін, сотталып, жазасын өтеп жатқан жүргізушілер мен жүргізуші куәлігінен айырылған азаматтар бұл заң жобасын асыға күтуде. Олардың көпшілігі жаза жеңілдеуі мүмкін деген үмітте.
Кімдер амнистиядан тыс қалады?
Заң жобасына сәйкес, жаза мерзімі қысқармайтын тұлғаларға мыналар кіреді:
- ұрлау ниетінсіз, бірақ өмірге немесе денсаулыққа қауіпті күш қолдану арқылы көлік құралын заңсыз иемдену — ҚР ҚК 200-бабының 4-бөлігі;
- адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы — ҚР ҚК 345-бабының 3 және 4-бөліктері;
- мас күйінде жол ережесін бұзу арқылы адам денсаулығына орташа зақым келтіру немесе өліміне себеп болу — ҚР ҚК 345-1-бабының барлық бөліктері;
- жүргізуші куәлігінен айырылған мас күйіндегі адамның көлік басқаруы — ҚР ҚК 346-бабының барлық бөліктері;
- желілік жөндеу немесе техникалық ақау себебінен екі немесе одан көп адамның қаза табуы — ҚР ҚК 348-бабының 4-бөлігі;
- жүргізуші куәлігі жоқ адамды көлікке отырғызып, екі немесе одан көп адамның өліміне себеп болу — ҚР ҚК 349-бабының 4-бөлігі.
Әкімшілік кодекс бойынша куәлігінен айырылған жүргізушілер амнистияға кірмейді. Мысалы, мас күйінде көлік жүргізілгені немесе жол апатын жасағаны үшін куәлігінен айырылғандар осы тізімге жатпайды.

Кімдер рақымшылыққа үміттене алады?
Заң жобасына сәйкес, рақымшылық алу мүмкіндігі бар тұлғалар мыналар:
- қылмыстық теріс қылық және (немесе) жеңіл қылмыс жасағандар;
- орташа ауыр қылмыс жасап, зиян келтірмегендер немесе келтірген зиянның орнын толтырғандар;
- әлеуметтік осал топқа жататын, зиян келтіргеніне немесе азаматтық талап-арыз болғанына қарамастан орташа ауыр қылмыс жасағандар.
Орташа ауыр қылмыс жасаған кісілер, тәртібі жақсы болып, жазасының аяқталуына бір жылдан аз уақыт қалған жағдайда, негізгі жазадан босатылуы мүмкін.
Қылмыстық кодексте былай делінген: «Бас бостандығынан айыру мерзімі 2 жылдан аспайтын қасақана жасалған және бас бостандығынан айыру мерзімі 5 жылға дейінгі абайсызда жасалған әрекеттер ауыр емес қылмыс болып саналады».

Сонымен қатар, амнистия талаптарына сай келетін азаматтар заң қабылданғаннан кейін адвокатқа жүгіне алады, бұл оларға жаза мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.
Заң жобасы негізінде әлеуметтік осал топтағы азаматтардың қылмыстық ісін «қылмыстық процесті жүргізіп жатқан орган тоқтатып, тұлғаны қылмыстық жауаптан босатуға тиіс» делінген. Бұл дегеніміз, мұндай жүргізушілер сотқа жетпей-ақ жазадан құтылады.
Жүргізуші куәлігінен айыру мерзімі қысқара ма?
Амнистия тек Қылмыстық кодекс баптары бойынша сотталғандарға қатысты. Әкімшілік кодекске сәйкес жүргізуші куәлігінен айырылғандарға жеңілдік қарастырылмайды. Амнистия жарияланған кезде тек қылмыстық жауапкершілік немесе негізгі жаза ғана жеңілдейді немесе күшін жояды. Қылмыстық кодексте жүргізуші куәлігінен айыру қосымша жаза ретінде қарастырылады. Мысалы, егер азамат 345-баптың 2-бөлігі бойынша 2 жылға сотталып, 3 жылға жүргізуші куәлігінен айырылса, колонияда отырған мерзімі қысқарса да, сот белгілеген мерзім аяқталғанша ол көлік жүргізе алмайды.