Қазақстанда жедел жәрдемнің қайда келе жатқанын онлайн көруге болады
Қазақстанда 13 қазаннан бастап жедел жәрдем қызметінің жаңа ережелері күшіне енді. Енді бригаданың қозғалысын онлайн бақылау мүмкіндігі қарастырылған.
Қазақстанда 2026 жылғы 13 қазаннан бастап жедел медициналық жәрдем көрсету тәртібіне енгізілген өзгерістер күшіне енді. Енді тұрғындар шақыртуға шыққан жедел жәрдем көлігінің қайда келе жатқанын онлайн бақылай алады. Жаңа талаптар Денсаулық сақтау министрінің 29 қыркүйектегі бұйрығымен бекітілген.
Жаңа жүйе бойынша диспетчер шақыртуға бригада жібергеннен кейін азаматқа автоматты хабарлама жолданады. Арнайы геосервис арқылы жедел жәрдем көлігінің орналасқан жерін және қозғалысын нақты уақыт режимінде көруге мүмкіндік беріледі.
Дегенмен бұл қызмет әзірге Қазақстанның барлық өңірінде бірдей қолжетімді емес. Жүйе Шымкент пен Ақтөбе облысында сынақтан өткен. Оны ел көлемінде толық іске қосу мерзімі нақты көрсетілмеген.
Жедел жәрдемді қалай шақыруға болады?
Жаңа ережелерге сәйкес, жедел медициналық көмекті бұрынғыдай 103 нөміріне қоңырау шалу арқылы шақыруға болады.
Сонымен қатар мобильді қосымшалар, мессенджерлер мен чат-боттар арқылы өтініш беру мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай жағдайда азамат өзінің геолокациясын да жібере алады.
Бұл мүмкіндік әсіресе адам өз мекенжайын нақты білмейтін немесе орналасқан жерін түсіндіру қиын болған жағдайда пайдалы болуы мүмкін.
Жедел жәрдем қанша минутта келуі тиіс?
Жаңа тәртіпте шақыртулардың шұғылдығына қарай медициналық бригадалардың келу уақыты белгіленген:
- Бірінші санат: 10 минутқа дейін;
- Екінші санат: 15 минутқа дейін;
- Үшінші санат: 30 минутқа дейін;
- Шұғыл емес медициналық жағдайлар: 60 минутқа дейін.
Науқастың өміріне тікелей қауіп төндірмейтін, бірақ медициналық көмекті қажет ететін жағдайлар бойынша шақыртулар емханалардың мобильді бригадаларына берілуі мүмкін.
Мұндай бригадалар жұмыс күндері сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Емханалардың жұмыс уақытынан тыс кезде шақыртуларды жедел жәрдем станциялары қабылдайды.
Медицина қызметкерлері бейнежетон тағады
Өзгерістер медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігіне де қатысты. Жедел жәрдем және мобильді бригадалар байланыс құралдарымен, бейнекамералармен және бейнежетондармен жабдықталуы тиіс.
Бұл құрылғылар шақырту кезінде болған оқиғаларды тіркеуге және медицина қызметкерлерін агрессиядан қорғауға арналған.
Егер шақырту түскен жерде дәрігерлердің қауіпсіздігіне қатер төнсе, медициналық көмек полиция қызметкерлерінің қатысуымен көрсетіледі.
Тағы бір өзгеріс балалардың қауіпсіздігіне қатысты. Егер жедел жәрдем кәмелетке толмаған баланың жалғыз ата-анасын ауруханаға алып кетсе және бала үйде қараусыз қалатын болса, оны уақытша орналастыру мәселесі полиция арқылы шешіледі.
Жаңа талаптар жедел медициналық көмектің ашықтығын арттыруға, диспетчерлерге түсетін қайталама қоңырауларды азайтуға және медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.