Алматы облысында америкалық компаниялардың қатысуымен 550 жұмыс орны ашылады

Алматы облысында АҚШ компанияларының қатысуымен 248,5 млрд теңгеге үш жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның арқасында 550 жұмыс орны ашылады.

👁️ 0
Алматы облысында АҚШ компанияларының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар
Сурет: QYZYQ

Алматы облысында америкалық компаниялардың қатысуымен жалпы құны 248,5 млрд теңге болатын үш инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жобалар іске қосылғанда өңірде шамамен 550 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл туралы облыс әкімі Шыңғыс Әрінов АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Питер Кауфманмен кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Кездесуде тараптар сауда, инвестиция, инновация және гуманитарлық байланыстарды кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.

Әкімдік мәліметінше, қазір Алматы облысында америкалық капиталдың қатысуымен тоғыз кәсіпорын жұмыс істейді. Ал өткен жылы өңір мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 81 млн доллардан асқан.

Америкадан облысқа негізінен автокөліктер, көлік құралдары мен олардың қосалқы бөлшектері, дәрі-дәрмек және косметикалық өнімдер жеткізіледі.

Алматы облысы АҚШ штаттарымен тікелей байланыс орнатқысы келеді

Шыңғыс Әрінов соңғы үш жылда облыс шетелдердің 18 өңірімен ынтымақтастық орнатып, тиісті келісімдерге қол қойғанын айтты. Ендігі мақсаттардың бірі АҚШ штаттарының біреуімен тікелей әріптестік орнату.

«Біз америкалық инновациялық технологияларды сынақтан өткізуге мүдделіміз. Ғылыми-зерттеу институттарымен және мемлекеттік органдармен ынтымақтастық жаңа технологияларды әкеліп, оларды өндіріске тиімді енгізуге мүмкіндік береді», деп атап өтті Шыңғыс Әрінов.

Облыс әкімі америкалық инвесторларға бірлескен жобаларды жүзеге асыру кезінде әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

АҚШ Қазақстанға 17 млрд доллар инвестиция салған

АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Питер Кауфманның айтуынша, соңғы алты жылда Қазақстан мен Америка арасындағы екіжақты сауда көлемі екі есеге өскен. Осы кезеңге қатысты келтірілген мәлімет бойынша, АҚШ-тың Қазақстанға салған инвестициясы 17 млрд долларды құраған.

Дипломат екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүмкіндік бар екенін айтты. Әсіресе білім беру, мәдениет және жаңа технологиялар саласындағы бірлескен бастамаларға назар аударылды.

Кауфман сондай-ақ Алматы облысында жүзеге асырылып жатқан атом электр станциясы мен «Алатау Сити» жобалары инвесторлардың үлкен қызығушылығын тудырып отырғанын атап өтті.

Кездесу соңында тараптар Алматы облысы мен АҚШ өңірлері арасындағы тікелей ынтымақтастықты дамытуға және жаңа бірлескен бастамаларды пысықтауға келісті.