8 мыңнан астам салымшы, 21 млрд теңге: Amanat Drive басшыларына үкім шықты
Қонаевта Amanat Drive қаржы пирамидасының басшылары сотталды. Жобаға 8 мыңнан астам адам 21 млрд теңгеден көп қаражат салған.
Қонаев қаласының соты 8 мыңнан астам адамды тартып, 21 млрд теңгеден астам қаражат жинаған Amanat Drive қаржы пирамидасының басшыларына үкім шығарды. Бір фигурант 8 жылға, екіншісі 1 жылға бас бостандығынан айырылды, деп Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Сот Шүкен К.К.-ны кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырды. Үрәтбек М.С. 1 жылға сотталды.
ҚМА-ның Алматы облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу кезінде Amanat Drive-қа 8 мыңнан астам салымшы тартылғаны анықталған. Олардың салған қаражатының жалпы көлемі 21 млрд теңгеден асқан.
Үй мен көлікті пайызсыз алуды ұсынған
Ұйымдастырушылар азаматтарға жылжымайтын мүлік пен автокөлікті пайызсыз, кейін бөліп төлеу мүмкіндігімен сатып алуды ұсынған.
Алайда бұған дейін ҚМА міндеттемелердің тек бір бөлігі орындалғанын хабарлаған. Ведомство мәліметінше, мүлік негізінен күдіктілердің туыстары мен жақын таныстарына берілген.
Тергеу қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру үшін бірнеше компания пайдаланылғанын анықтады. Олардың қатарында:
- «Алло, не керек» ЖШС;
- «I M@RKETING» ЖШС;
- «Gold SapaPremium» ЖШС бар.
ҚМА мәліметінше, бұл компаниялар жарнама, жылжымайтын мүлік пен көлік нарығын талдау және болжау қызметтерін көрсеткен жалған жеткізушілер ретінде пайдаланылған.
Жалған шарттар арқылы 1,8 млрд теңгеден астам қаражат шығарылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Екі пәтер мен үш Lexus тәркіленді
Тергеу дерегінше, тартылған қаражат есебінен екі пәтер және Lexus маркалы үш автокөлік сатып алынған. Мүлік ықтимал тәркілеуден жасыру үшін сенімді адамдардың атына рәсімделген.
Сот екі пәтер мен үш автокөлікті мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім шығарды.
Amanat Drive қызметінің әшкереленгені алғаш рет 2025 жылғы маусымда хабарланған еді. Сол кезде де ҚМА пирамидаға 8 мыңнан астам адам тартылып, салынған қаражат 21 млрд теңгеден асқанын мәлімдеген.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.