Қазақстандық өндірушілер 594 млрд теңгеге келісімшарт алды
«Самұрық-Қазына» 2026 жылдың алғашқы жартысында қазақстандық өндірушілермен 594 млрд теңгеге 3,8 мыңнан астам келісімшарт жасасты.
2026 жылдың алғашқы алты айында «Самұрық-Қазына» тобы қазақстандық өндірушілермен 594 млрд теңгеге 3,8 мыңнан астам келісімшарт жасасты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46% көп, деп хабарлады Қазақстан Үкіметі.
Жасалған келісімдердің едәуір бөлігі кәсіпорындарды ұзақ мерзімді тапсырыспен қамтамасыз етуге арналған. Жыл басынан бері жалпы құны 343 млрд теңге болатын 171 ұзақ мерзімді келісімшарт жасалған. Бұл көрсеткіш бір жылда 1,7 есе өсті.
Ұзақ мерзімді тапсырыстар көбейді
Үкіметтің мәліметінше, қазір «Самұрық-Қазына» сатып алу жүйесінде отандық өндірушілер мен шағын және орта бизнесті қолдауға арналған 16-дан астам шара бар.
Олардың қатарында қазақстандық өндірушілерден міндетті түрде сатып алу, қамтамасыз етудің бірқатар түрінен босату, отандық тауар өндірушілерге 30%-ға дейін аванс беру және жеткізілген өнім үшін төлем мерзімін қысқарту қарастырылған.
Соңғы жылдары отандық кәсіпорындардан сатып алу көлемі тұрақты өсіп келеді. 2024 жылы топ компаниялары 2070 қазақстандық кәсіпорынмен 1,1 трлн теңгеге 11,1 мыңнан астам келісім жасасты. 2025 жылы келісімшарттардың жалпы құны 2,17 трлн теңгеге дейін өсті.
Жаңа өндірістерге алдын ала тапсырыс беріледі
Отандық өндірісті қолдаудың тағы бір тетігі офтейк-келісімшарттар болып отыр. Мұндай келісім бойынша компания болашақта шығарылатын өнімді алдын ала сатып алуға міндеттеме алады. Бұл кәсіпорынға өнімге сұраныс барын біліп, жаңа өндірісті іске қосуға мүмкіндік береді.
2026 жылдың алғашқы жартысында шамамен 47 млрд теңгеге 115 офтейк-келісімшарт жасалды. Осы кезеңде жалпы құны 53 млрд теңге болатын импортты алмастыруға бағытталған тоғыз жоба мақұлданды. Тағы 13 жоба қаралып жатыр, олардың жалпы құны 74 млрд теңге.
Соңғы жеті жылда «Самұрық-Қазына» қолдау тетіктері арқылы жаңа өндірістерді іске қосуға арналған 108 жоба мақұлданған. Олардың жалпы құны 610 млрд теңгені құрайды. Үкімет мәліметінше, бұл жобалар 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген.
Қазір «Самұрық-Қазына» инфрақұрылым және энергетика салаларында 62 басым жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл жобалар қазақстандық кәсіпорындар үшін жабдыққа, материалдарға, бөлшектер мен қызметтерге қосымша сұраныс қалыптастырады.