Қазақстан лицензия мен рұқсат беру тәртібін ДСҰ ережелеріне сәйкестендірмек
Қазақстан ДСҰ-ның қызметтерді реттеу қағидаларына қосылмақ. Лицензиялау мен рұқсат беру рәсімдері ашық әрі түсінікті болуы тиіс.
Қазақстан қызмет көрсету саласында лицензиялар мен рұқсаттарды беру тәртібін Дүниежүзілік сауда ұйымының қағидаларына сәйкестендірмек. Құрылтай тиісті заң жобасын қарастырып жатыр. Өзгерістер бизнес үшін әкімшілік рәсімдерді ашық, түсінікті және болжамды етуге бағытталған.
Әңгіме Қазақстанның ДСҰ-ға қосылған кезде қабылдаған қызметтер саласындағы арнайы міндеттемелер тізіміне енгізілетін өзгерістер туралы болып отыр. Заң жобасы 16 қыркүйекте бірінші оқылымда мақұлданған болатын.
Лицензиялау кезінде не өзгеруі мүмкін?
Жаңа қағидалардың негізгі мақсаты лицензия немесе басқа рұқсат қажет болатын қызмет түрлерінде бизнеске қойылатын талаптарды барынша түсінікті ету.
ДСҰ-ның қызметтерді ішкі реттеу қағидалары лицензиялау рәсімдеріне, мамандарға қойылатын біліктілік талаптарына және қызмет көрсету саласындағы техникалық стандарттарға қатысты.
Мұндай рәсімдер объективті әрі ашық талаптарға негізделуі керек. Кәсіпкер қандай органға жүгіну қажет екенін, қандай құжаттар сұралатынын және өтініштің қанша уақытта қаралатынын алдын ала білуге тиіс.
- лицензия мен рұқсат беру талаптарының ашықтығын арттыру;
- өтініштерді қарау тәртібін түсініктірек ету;
- электронды рәсімдерді кеңінен қолдануға мүмкіндік беру;
- өтініштің қаралу барысы туралы ақпарат алуды жеңілдету;
- әкімшілік кедергілерді азайту.
ДСҰ қағидаларының бірі бойынша лицензиялау рәсімінің өзі қызмет көрсетуге негізсіз кедергі болмауы керек. Талаптар қызмет сапасын қамтамасыз ету үшін қажетті деңгейден артық ауыртпалық түсірмеуге тиіс.
Бұл барлық лицензиялар жойылады деген сөз емес
Жаңа ережелер Қазақстанның лицензиялау жүйесінен бас тартатынын білдірмейді. Мемлекет лицензия, біліктілік талаптары және басқа да реттеу тетіктерін өз бетінше белгілей алады.
Атап айтқанда, денсаулық сақтау, қауіпсіздік және қоғамдық мүддені қорғау үшін қажетті талаптарды сақтау құқығы Қазақстанда қалады.
Сондықтан өзгерістердің негізгі мәні лицензияларды жою емес, оларды беру тәртібін барынша айқын әрі болжамды ету болып отыр.
Қандай салаларға әсер етеді?
Үкіметтің түсіндіруінше, жаңа қағидалар қаржы, көлік, IT, кәсіби қызметтер және басқа да қызмет көрсету салаларына қатысты болуы мүмкін.
Қазақстандық компаниялар үшін бұл ішкі нарықтағы әкімшілік рәсімдерді жеңілдетумен қатар, шетелдік нарықтарда жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Қазақстан ДСҰ-ға 2015 жылы кірді. Қызметтерді ішкі реттеудің жаңа қағидалары бойынша халықаралық келіссөздер 2021 жылы аяқталған. Қазір Қазақстан осы талаптарды өзінің ДСҰ аясындағы міндеттемелеріне енгізу үшін ішкі рәсімдерді жүргізіп жатыр.