Қазақстанға 30 жылдан кейін қайтадан азық-түлік талондары енгізіледі

Қазақстанда аз қамтылған азаматтарға eGov Mobile қосымшасы арқылы азық-түлікке жеңілдік беру үшін пилоттық жобасы іске қосылады.

👁️ 14
Сурет: GPT

Қазақстанда аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік азық-түлік ваучерлері пилоттық режимде беріле бастайды. Бұл жаңа тетік оларға азық-түлікті жеңілдікпен алуға мүмкіндік береді. Жоба eGov Mobile қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы жүзеге асады.

TradingEconomics деректеріне сүйенсек, Қазақстан әлемде инфляциясы ең жоғары он елдің қатарына, ал Азияда алғашқы бестіктің ішіне енді. 2025 жылдың тамыз айында жылдық инфляция 12,2% болды, алайда сарапшылар нақты баға өсімі бұдан да жоғары екенін алға тартады.

Бұл қалай жұмыс істейді

Ваучерлер атаулы әлеуметтік көмек (ӘӘК) алушыларға арналған. Жүйе жеңілдік ваучерін айлық есептік көрсеткішке (2025 жылы 3932 теңге) сәйкес автоматты түрде қалыптастырады. Мысалы, төрт адамнан тұратын отбасы ай сайын шамамен 16 000 теңге көлемінде жеңілдік ала алады.

Жеңілдік 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түріне – нан, май, ұн, жұмыртқа, жарма, көкөніс, ет пен сүт өнімдерінің бірқатарына беріледі. ӘӘК иегері дүкен кассасында QR-код көрсетеді, сол сәтте нарықтық баға мен жеңілдікті баға арасындағы айырмашылық ваучерден шегеріледі.

Жобаны қаржыландыру

Үкіметтің мәліметінше, жобаны қаржыландыруды әкімдіктер жанындағы тұрақтандыру қорлары қамтамасыз етеді. 100 млрд теңге келесідей бөлінеді:

  • 35 млрд теңге – сауда желілерін 0,01% мөлшерлемемен жеңілдікпен несиелеуге;
  • 65 млрд теңге – отандық шаруалардан өнімді форвардтық сатып алуға.

Жүйені жасаушы – BTS Digital, бұл компания бұған дейін «Әлеуметтік әмиян» және eOtinish порталын енгізген болатын. Компания өкілдері жобаның қымбатшылық жағдайында халықтың әлеуметтік осал топтарына нақты қолдау көрсету мақсатында жасалғанын атап өтті.

Аз қамтылғандарға қанша беріледі

2025 жылғы 1 тамызға шаққанда, ӘӘК 48,3 мың отбасынан 259,7 мың адамға тағайындалған. Бір отбасы мүшесіне ай сайын орта есеппен 4 мың теңгеге жуық жеңілдік қарастырылған. Салыстыру үшін: егер жобаға бөлінген қаражат тікелей бөлінсе, әр алушыға 400 мың теңгеден астам тиер еді.

«Механизм eGov Mobile мобильді қосымшасы негізінде жүзеге асырылады. ӘӘК алушылар серіктес дүкендерден өнімді нарықтан арзанға ала алады»,

— Ержігіт Балқыбеков, BTS Digital директорының міндетін атқарушы

Қоғамның пікірі

Жоба іске қосылғанымен, көптеген сарапшылар мен азаматтар оның нақты көмегі шектеулі екенін айтады. Есеп бойынша, жеңілдіктер тауар құнының тек 25% құрайды, ал сауда желілерінде мұндай акциялар жиі өткізіледі. Инфляция бүкіл халыққа әсер еткенімен, қолдау тек белгілі бір бөлікке ғана көрсетіледі, өзгелері бағаның өздігінен өсуіне төтеп беруге мәжбүр.