Қазақстандағы реттелетін криптонарықтың айналымы 10,58 млрд долларға жетті
Қазақстандағы реттелетін цифрлық активтер нарығы үш жылда 30 еседен астам өсті. Клиенттер саны 270 мың адамға жетті.
Қазақстандағы лицензияланған цифрлық активтер нарығының айналымы 2025 жылдың қорытындысында 10,58 млрд долларға жетті. 2023 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 30 еседен астам өскен. Бұл туралы Үкімет отырысында МФХО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінің өкілі Еркегали Еденбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазір «Астана» халықаралық қаржы орталығында цифрлық активтер саласында қызмет көрсететін 35 провайдер жұмыс істейді.
Олардың қатарында 11 цифрлық активтер биржасы бар. Соның ішінде Binance және Bybit секілді ірі халықаралық платформалар да жұмыс істейді. Бұдан бөлек, МФХО аумағында 16 инвестициялық қызмет провайдері мен сегіз төлем ұйымы тіркелген. Төлем ұйымдарының үшеуі стейблкоин шығарады.
Криптонарық үш жылда 30 еседен астам өсті
2023 жылы лицензияланған ортадағы операциялар көлемі 320 млн доллар болған. 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 10,58 млрд долларға дейін өсті.
Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында цифрлық активтермен жасалған операциялардың көлемі 5,5 млрд долларға жеткен.
Нарық жұмысының нәтижелері таңдалған тәсілдің тиімді екенін көрсетеді. Қысқа мерзім ішінде реттелетін нарық 30 еседен астам өсті.
Клиенттер саны 270 мыңға жетті
Криптоплатформаларды пайдаланушылар саны да айтарлықтай көбейген. 2023 жылы лицензияланған провайдерлердің 53 мың клиенті болса, қазір олардың саны 270 мың адамға жетті.
Осылайша, клиенттік база үш жылға жетпейтін уақытта 400 пайыздан астам өскен. Бұл көрсеткіш Қазақстанда криптовалютамен заңды әрі реттелетін алаңдар арқылы операция жасауға қызығушылық артып келе жатқанын көрсетеді.