Теңге 2026 жылы Еуропа мен Азиядағы ең көп нығайған валюта болды
Теңге 2026 жылдың басынан бері долларға шаққанда 9,7% нығайып, Еуропа мен Азиядағы ең жоғары нәтиже көрсетті. Бұған шетелдік капитал әсер етті.
Қазақстан теңгесі 2026 жылдың басынан бері долларға шаққанда 9,7% нығайып, Еуропа мен Азиядағы ең жоғары нәтиже көрсеткен валюта болды. Теңгенің күшеюіне шетелдік инвесторлардың Қазақстанның мемлекеттік облигацияларына қызығушылығы әсер еткенін Financial Times жазды.
Шетелдік инвесторлардың теңгемен шығарылған мемлекеттік бағалы қағаздарға салған қаржысы бір жыл ішінде шамамен 2 млрд доллардан 5 млрд долларға дейін өскен. Маусым айындағы дерек бойынша, бейрезиденттердің үлесіне осындай облигациялардың оннан бір бөлігіне жуығы тиесілі болды.
Шетелдік инвесторлар неге теңгеге қызыға бастады
Негізгі себептердің бірі Қазақстандағы жоғары пайыздық мөлшерлемелер болып отыр. Ұлттық банк биыл базалық мөлшерлемені екі рет төмендеткенімен, ол көптеген елдермен салыстырғанда әлі де жоғары деңгейде.
Шілдеде базалық мөлшерлеме 16,75%-ға дейін төмендеді. Бұған дейін ол 18% деңгейінде болған. Ал маусым айында Қазақстандағы жылдық инфляция 10,3%-ды құрады.
Мұндай жағдайда теңгемен шығарылған облигациялар жоғары табыс іздейтін халықаралық инвесторлар үшін тартымды болып отыр. Қазақстанның инвестициялық деңгейдегі кредиттік рейтингі де нарыққа деген сенімді күшейтеді.
Бұған қоса, Қазақстан мемлекеттік облигацияларын Euroclear халықаралық есеп айырысу жүйесіне қосуды жоспарлап отыр. Бұл шетелдік инвесторларға қазақстандық бағалы қағаздарды сатып алу мен сатуды жеңілдетуі мүмкін.
Теңгені тек мұнай күшейтіп отырған жоқ
Қазақстан валютасының бағамы дәстүрлі түрде мұнай бағасымен тығыз байланысты. Алайда Financial Times сауалнамасына қатысқан экономистер теңгенің биылғы нығаюын негізінен капитал қозғалысымен байланыстырады.
Шетелдік қорлар теңгемен шығарылған облигацияларды көбірек сатып алған сайын ұлттық валютаға сұраныс та артады. ING экономисі Дмитрий Долгиннің айтуынша, теңгенің қазіргі күшеюіне сауда ағындарынан гөрі капитал ағыны көбірек әсер етіп отыр.
«Еуропа мен Азиядағы ең жақсы нәтиже» деген баға теңгенің 2026 жылғы бағам динамикасына қатысты. Ұлттық валюта жыл басынан бері долларға шаққанда 9,7% нығайып, осы көрсеткіш бойынша екі құрлықтың барлық валютасын басып озды. Әлемдік деңгейде одан жоғары нәтиже көрсеткен Латын Америкасы мен Африканың бірнеше валютасы ғана бар.