ФБР Аргентина футбол федерациясының АҚШ-тағы операцияларын тексеріп жатыр
Аргентина ЧМ-2026 ширек финалына дайындалып жатқанда, ФБР AFA-ның АҚШ арқылы өткен жүздеген миллион долларлық операцияларын тексеруде.
Аргентина құрамасы АҚШ-та өтіп жатқан әлем чемпионатының ширек финалына дайындалып жатқанда, елдің футбол федерациясы алаңнан тыс үлкен дауға тап болды. АҚШ-тың федералдық прокурорлары мен ФБР агенттері Аргентина футбол қауымдастығының, яғни AFA-ның америкалық қаржы жүйесі арқылы жүргізген операциялары туралы куәгерлерден мәлімет жинай бастады, деп хабарлады La Nación.
Тексерудің негізгі нысаны TourProdEnter LLC компаниясы болып отыр. Бұл құрылым AFA-ның халықаралық демеушілерден және коммерциялық серіктестерден төлем қабылдауына көмектескен.
Журналистер зерттеген банк құжаттарына сәйкес, компанияның АҚШ-тағы шоттары арқылы AFA-ға тиесілі кемінде 260 миллион доллар өткен. Тағы 57 миллион доллар түрлі компаниялар мен алушыларға жіберілген, алайда La Nación қолындағы құжаттардан бұл төлемдердің экономикалық негізі анық көрінбейді.
Бұл қаражаттың ұрланғанын немесе заңсыз жолмен алынғанын білдірмейді. Қазір америкалық прокурорлар кейбір операцияларда ақшаны жылыстату немесе банк жүйесі арқылы алаяқтық жасау белгілері бар-жоғын ғана анықтап жатыр. Ресми айып әзірге ешкімге тағылған жоқ.
Ақша бес америкалық банк арқылы өткен
АҚШ-тағы алдын ала тексеру 2025 жылы қалыптаса бастаған. La Nación мәліметінше, материалдарды Вашингтон мен Флориданың оңтүстік округінде жұмыс істейтін кемінде үш федералдық прокурор зерттеп жатыр.
Соңғы кездесулердің бірінде прокурорлар мен ФБР агенттері AFA-мен бұрын жұмыс істеген кәсіпкер Гильермо Тофониден үш сағатқа жуық жауап алған. Тергеушілер федерацияның бұрынғы басшылары мен халықаралық келісімдер туралы тікелей мәліметі бар басқа адамдарды да тыңдауы мүмкін.
TourProdEnter шоттары Citibank, Synovus, Bank of America, JPMorgan және PNC Bank банктерінде ашылған. Компанияны театр продюсері Хавьер Фарони мен оның жұбайы Эрика Джиллет басқарған.
Adidas пен Warner төлемдері де делдал арқылы өткен
La Nación зерттеуіне сәйкес, TourProdEnter арқылы AFA-ның ірі халықаралық келісімдерінен түскен қаражат өткізілген. Оның ішінде Adidas компаниясынан шамамен 60 миллион доллар, Warner компаниясынан 40 миллион доллар түскені көрсетілген.
Келісім бойынша TourProdEnter салықтар шегерілгеннен кейін AFA-ның халықаралық кірістерінің 30 пайызын алған. Бұған қоса, логистикалық шығындардың 10 пайызы көлемінде комиссия төленген.
Құжаттарда AFA қазынашысы Пабло Товиггиноның отбасы мүшелерімен байланысты компанияларға жасалған аударымдар да көрсетілген. Аргентина басылымы бұл төлемдердің бір бөлігі федерация басшысының серіктесіне және ұлттық құраманың болжамды рухани кеңесшісінің туыстарына бағытталғанын жазды.
Қаржы тексеруі мен төрешілер дауы екі бөлек мәселе
AFA-ның қаржы операцияларына қатысты тексеру мен Аргентина матчтарындағы төрешілер шешіміне байланысты шағымдардың арасында байланыс бары дәлелденген жоқ. Бұлар бір уақытта болғанымен, құқықтық және спорттық тұрғыдан екі бөлек оқиға.
Алжир Мессиге карточка берілмегеніне шағымданды
Алғашқы үлкен дау топтық кезеңдегі Аргентина мен Алжир матчынан кейін шықты. Аргентина 3:0 есебімен жеңген кездесуден соң Алжир футбол федерациясы ФИФА төрешілер комиссиясына ресми хат жолдады, деп жазды Reuters.
Алжир тарапы бірінші таймда Лионель Мессидің команда капитаны Айсса Мандидің балтырын басып кеткенін, бірақ аргентиналық шабуылшыға карточка көрсетілмегенін мәлімдеді. Месси алаңда қалып, кейін үш гол соқты.
Алжирдің екінші талабы Алексис Макаллистердің Ибрагим Мазаға қарсы әрекетіне қатысты болды. Команда өкілдері аргентиналық жартылай қорғаушы қарсыласының бетіне шынтақпен соққы жасады деп есептеді, алайда төреші мен VAR араласпады.
Египет 2:0 есебімен алда тұрып, матчтан ұтылды
Төрешілерге қатысты дау Аргентинаның Египетті 3:2 есебімен жеңген сегізден бір финал матчынан кейін күшейді. Египет құрамасы 2:0 есебімен алда тұрғанымен, ойынның соңғы бөлігінде үш гол жіберіп алды.
Египет футбол қауымдастығы бірнеше шешім матчтың барысына тікелей әсер еткенін айтып, ФИФА-ға шағымданды. Бас бапкер Хоссам Хассан төрешіге Аргентинаны турнирде қалдыру үшін қысым жасалуы мүмкін деген болжам айтты.
Египет тарапы Мостафа Зиконың голы VAR араласқаннан кейін есепке алынбағанына наразы болды. Сондай-ақ Мохамед Салахқа қарсы әрекет фол деп танылмай, артынша басталған шабуылда Энцо Фернандес жеңіс голын соқты.
ФИФА төрешілер комитетінің басшысы Пьерлуиджи Коллина айыптауларды жоққа шығарды. Ол матч төрешілері толық тәуелсіз жұмыс істейтінін және олардың шешіміне ешкім, тіпті ФИФА президенті де ықпал ете алмайтынын айтты.
Коллинаның түсіндіруінше, Зиконың голына дейін Марван Аттия Лисандро Мартинеске қарсы ереже бұзған. Ал Салах пен Хулиан Альварес арасындағы жанасуды төрешілер қалыпты ойын күресі деп бағалаған. Бұл туралы Reuters хабарлады.
AFA өкілдері кінәсіздік презумпциясын еске салды
AFA-ның Солтүстік Америкадағы өкілі Томас Регаладо тергеу шараларының жүргізілуі адамның немесе ұйымның кінәсін автоматты түрде білдірмейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, қандай да бір қорытынды шығарылғанға дейін кінәсіздік презумпциясы сақталуы тиіс.
Жарияланған материалдарда Лионель Месси мен Аргентина құрамасының басқа ойыншыларына қаржылық құқықбұзушылық жасады деген айып тағылғаны айтылмайды. Тексеру федерацияның коммерциялық келісімдері мен өткен жылдардағы банк аударымдарына қатысты.
Аргентина құрамасы 11 шілдеде Канзас-Ситиде Швейцариямен ширек финалда кездеседі. Команда әлем чемпионатындағы жорығын жалғастырып жатқанда, АҚШ прокурорлары жиналған материалдар толыққанды қылмыстық тергеу бастауға жеткілікті ме, соны шешуі керек.