Қытайда адамның беті мен дауысын қайталайтын робот таныстырылды
UBTECH адамның беті, дауысы мен сөйлеу мәнерін қайталай алатын жаңа U1 роботын таныстырды. Құрылғы эмоциялық қолдауға арналған.
Қытайлық UBTECH компаниясы адамның бет-бейнесін, дауысын және мінез-құлық ерекшеліктерін ішінара қайталай алатын толық өлшемді робот-компаньонды таныстырды. U1 сериясы үй шаруасын атқарудан гөрі қарым-қатынасқа, эмоциялық қолдауға және жалғыздықпен күресуге бағытталған, деп компанияның ресми хабарламасында айтылды.
Жаңалықтың ең даулы тұсы, роботқа нақты бір адамның келбетін беруге болатыны. Компания үш өлшемді бет реконструкциясын, дауыс көшіру технологиясын және ұзақ мерзімді жад жүйесін пайдаланып, роботты туысқа, жақын адамға немесе танысқа ұқсатып баптауды жоспарлап отыр.
U1 сериясына үш түрлі модель кіреді
Желіге үстелге арналған U1 Lite, толық өлшемді U1 Pro және қозғалысы жетілдірілген U1 Ultra нұсқалары кіреді. Үлкен модельдер ер және әйел кейпінде ұсынылады. Олардың бойы тиісінше 183 және 168 сантиметр.
Компанияның мәліметінше, роботтарда силикон тері, қозғалмалы көз, ауыз және мойын бар. Құрылым 88 еркіндік дәрежесіне ие және адамның негізгі қимылдарының басым бөлігін қайталай алады.
Ішіндегі жасанды интеллект жүйесі әңгімелесушінің дауысын, жүзін және мінез-құлқын талдайды. Өндіруші робот 20-дан астам эмоциялық күйді ажырата алатынын мәлімдеді.
- робот кәдімгі әңгіме жүргізе алады;
- алдыңғы сөйлесулерді есте сақтайды;
- көңіл күйдегі өзгерісті байқауға тырысады;
- құшақтау мен жанасуға жауап береді;
- қарым-қатынасты өзі бастап кете алады;
- жауаптарын иесінің көңіл күйіне бейімдейді.
Жүйенің жалпы реакциясы шамамен 500 миллисекундты алады. Ал 20 миллисекунд деген көрсеткіш тек айтылған сөз бен робот ернінің қозғалысы арасындағы кідірісті білдіреді.
Робот нақты адамды толық алмастырмайды
UBTECH ресми хабарламасында қайтыс болған адамды «ауыстыру» деген тұжырым қолданылмайды. Бірақ технологияның өзі белгілі бір адамның беті мен дауысын қайталауға мүмкіндік береді.
Техникалық жағынан мұндай жүйе фотосуреттерді, видеоларды, дауыс жазбаларын және адам туралы сақталған мәліметтерді пайдалана алады. Соның арқасында робот сырт келбеті мен сөйлеу мәнері жағынан нақты бір адамды еске салуы мүмкін.
Соған қарамастан, бұл нағыз тұлғаның толық көшірмесі болмайды. Роботтың жауаптарын жасанды интеллект құрастырады, сондықтан ол адамның санасын немесе болмысын қайта жасамайды.
Дәл осы шекара қоғамда ең көп сұрақ туғызады. Мәселе роботтың қаншалықты шынайы көрінетінінде ғана емес, адамның эмоциялық байланысы қаншалықты күшейіп кетуі мүмкін екенінде.
Компания 100 роботты психологиялық қолдауға бермек
UBTECH 2026 жылы эмоциялық және психологиялық қолдау бағдарламасы аясында арнайы бапталған 100 роботты пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Компания мұндай роботтар жалғыз тұратын қарт адамдарға, ата-анасынан алыс өсіп жатқан балаларға және қиын жағдайда қалған отбасыларға көмектесе алады деп есептейді.
Олар үшін жеке сыртқы бейне, белгілі бір адамның дауысы және бөлек ұзақ мерзімді жад жүйесі жасалмақ. Робот отбасы тарихын, әңгімелерді, әдеттерді және басқа да жеке ақпаратты есте сақтай алады.
Өндіруші деректер негізінен жергілікті түрде өңделетінін айтады. Соған қарамастан, камера, микрофон және жад жүйесі бар робот өте жеке мәліметтерді, соның ішінде сөйлесулерді, бейнелерді және адамның эмоциялық жай-күйіне қатысты ақпаратты жинайды.
Алдын ала тапсырыс 13 мыңнан асты
UBTECH ресми таныстырылымға дейін U1 сериясына 13 361 тапсырыс түскенін мәлімдеді. Бұл компанияның өз дерегі, сондықтан нақты қанша тапсырыстың төленгені тәуелсіз түрде расталған жоқ.
Сериядағы модельдердің бағасы әртүрлі:
- U1 Lite бағасы 119 800 юань, шамамен 17 600 доллар;
- U1 Pro 169 800 юань тұрады;
- әйел кейпіндегі U1 Ultra 880 000 юань деп бағаланған;
- ер кейпіндегі U1 Ultra 990 000 юань, шамамен 145 мың доллар.
Gasgoo жазуынша, Қытайдағы алғашқы жеткізілімдер 2026 жылдың қыркүйегіне жоспарланған. Аккумулятор бір қуаттауға екі сағаттан төрт сағатқа дейін жетеді.
Әзірге U1 ас дайындайтын, үй жинайтын немесе ауыр физикалық жұмысты атқаратын әмбебап көмекші емес. UBTECH бұл жерде басқа нәрсеге басымдық беріп отыр: адамдарға жай жұмысшы емес, сөйлесетін, тыңдайтын, есте сақтайтын және үнемі жанында болатын жасанды серік ұсыну.