Жастар көліктен гөрі сапар мен таксиге ақша жұмсағысы келеді
Британияда Z буынының жартысы көлік жүргізуді үйренуді жоспарламайды. Жастар үшін жеке авто бұрынғыдай басты мақсат емес.
Британияда Z буынының көлікке көзқарасы өзгеріп барады: сауалнамаға қатысқан жастардың жартысы жүргізуші куәлігін алуды мүлде жоспарламайтынын айтқан. Бұл туралы Motoring Research технологиялық Hive компаниясының сауалнамасына сүйеніп жазды.
Көптеген буын үшін жүргізуші куәлігі ересек өмірге қадам басудың белгісі сияқты көрінетін. Ал қазіргі жастардың бір бөлігі үшін жеке көлік еркіндік емес, тұрақты шығынға айналып барады. Оны такси, қоғамдық көлік, велосипед, каршеринг немесе Uber сияқты сервистер алмастыра алады.
Көлік бұрынғыдай басты арман емес
Сауалнамаға қатысқан Z буыны өкілдерінің 50 пайызы жеке көліксіз де өмір сүре алатынын айтқан. 68 пайызы көлікке ие болуды маңызды өмірлік мақсат деп санамайды.
Тағы 71 пайызы жүргізуші куәлігін алуды ересек өмірдің міндетті кезеңі ретінде қабылдамайды. Бұл жастардың көлікке деген көзқарасы ата-аналарының буынынан айтарлықтай өзгеше екенін көрсетеді.
Ең қызық деректердің бірі ақшаға қатысты. Респонденттердің 79 пайызы көлік жүргізуді үйренуге немесе машинаға ақша жұмсағаннан гөрі, оны демалысқа, кездесуге немесе бранчқа жұмсағанды жөн көретінін айтқан.
Жастарды шығын мен қорқыныш тежейді
Көлікке қызығушылықтың төмендеуіне бірнеше себеп бар. Сауалнамада 35 пайызы автомобильді «ақша жұтатын шығын» деп атаған. 33 пайызы көлік алуға шамасы жетпейтінін айтқан.
31 пайызы жүргізу сабақтары мен сақтандыру тым қымбат екенін көрсеткен. Тағы 25 пайызын жанармай бағасы алаңдатады.
Бірақ мәселе тек ақшада емес. Жастардың 29 пайызы көлікті жалғыз өзі жүргізуден қорқатынын мойындаған. Қаладағы тығыз қозғалыс, тұрақ мәселесі және жолдағы стресс те жеке көлікке деген қызығушылықты азайтады.
Үлкен қалада көліксіз өмір сүру оңайырақ
Сауалнама нәтижесінде көліксіз өмір сүруге ең дайын қала ретінде Лондон аталған. Бұл түсінікті: үлкен қалада метро, автобус, такси, велосипед инфрақұрылымы және түрлі мобильді сервистер жақсы дамыған.
Респонденттердің 58 пайызы жанында қоғамдық көлік, велосипед және жол жүру қосымшалары болса, жеке көлік ұстаудың мәні азаяды деп санайды.
Мұндай жағдайда автомобиль еркін қозғалу құралы емес, керісінше кептеліс, тұрақ, сақтандыру, жанармай және жөндеу шығынымен байланысты ауыр міндет сияқты көрінуі мүмкін.
Көлік жүргізсе, электромобильді қалайды
Экология да жастардың таңдауына әсер етіп отыр. Сауалнамаға қатысқан Z буыны өкілдерінің 87 пайызы көлікке қатысты шешім қабылдағанда экологиялық факторларды ескеретінін айтқан.
70 пайызы мүмкіндік болса, электрлі немесе төмен шығарындылы такси таңдауға тырысатынын жеткізген. Ал көлік жүргізуді үйренуге дайын жастардың 65 пайызы мұны электромобильде жасауды қарастыратынын айтқан.
Бұл автонарық үшін маңызды белгі. Жастар көліктен толық бас тартпаса да, олар үшін жанармаймен жүретін ескі модель емес, шығыны аз әрі экологияға жеңілірек көлік тартымды көрінуі мүмкін.
Қазақстанмен салыстыруға бола ма
Британдық сауалнама нәтижесін Қазақстанға тікелей көшіруге болмайды. Бізде қала құрылысы, қашықтық, қоғамдық көлік сапасы және жеке автомобильдің күнделікті өмірдегі рөлі басқа.
Алматы мен Астанада жастар такси, жеткізу қызметтері, самокат, каршеринг және қоғамдық көлікті жиі қолдана бастады. Бірақ өңірлерде және қала сыртында жеке көлік әлі де жай ғана ыңғайлылық емес, күнделікті қажет құрал болып қала береді.
Дегенмен бұл тренд Қазақстан үшін де қызық. Егер жас қала тұрғындары үшін көлік еркіндіктің басты белгісі болудан қалса, сұраныс та өзгереді. Олар үшін маңыздысы, жеке машина емес, қажет жерге тез, қауіпсіз және арзан жету мүмкіндігі.
Сондықтан бұл жаңалық тек британдық зумерлер туралы емес. Бұл жастардың көлікке деген көзқарасы өзгеріп жатқанын көрсетеді: еркіндік енді көлікке ие болумен емес, қозғалыстың ыңғайлы әрі қолжетімді болуымен өлшенеді.