Алматыда Саинадағы автобус жолағына қатысты пікірталас күшейді

Алматыдағы Саина көшесінде автобус жолағы дау туғызды. Бір тарап оны кептелісті күшейтеді десе, әкімдік мәселе бұдан күрделірек дейді.

👁️ 0
Саинадағы автобус жолағы және көлік кептелісі
Сурет: threads.com

Алматыдағы Саина көшесінде қоғамдық көлікке арналған бөлінген жолақ қала тұрғындары арасында жаңа дау туғызды. Жолақ 20 маусымнан бастап Рысқұлов даңғылынан Мұстафин көшесіне дейінгі аралықта пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр, ал әлеуметтік желіде оның тиімділігі мен жүргізушілерге әсері қызу талқылануда.

Даудың бір себебі Facebook-та жарияланған жазба болды. Онда Руслан Саринов-Борджигин Саинадағы bus lane қаланың экономикасына зиян келтіреді деген ой айтады. Оның есебінше, бұл учаскеде автобуспен жүретіндер саны жеке көлікпен жүретіндерден әлдеқайда аз, ал бөлінген жолақ көлік жүргізушілерінің уақытын алып, күн сайын үлкен шығын әкелуі мүмкін.

Жазба авторы қоғамдық көлікпен жүретін адамдарды бөлек, жеке көлікпен жүретіндерді бөлек санап, жеке автокөліктегі жолаушыларды «экономикалық белсенді» топ ретінде көрсетеді. Осы есеп арқылы ол бөлінген жолақ күніне шамамен 216 млн теңге шығын келтіруі мүмкін деген қорытынды жасаған.

Бұл есепте даулы тұстар бар

Мұндай есеп қоғамдағы көңіл күйді жақсы көрсетеді, бірақ оны нақты экономикалық шығын ретінде қабылдау қиын. Себебі онда бірнеше болжам бірден алынған: әр автобус қанша адам таситыны, әр жолақтан сағатына қанша көлік өтетіні, әр көлікте орта есеппен қанша адам отыратыны, олардың бәрі қанша уақыт жоғалтатыны және әр адамның бір сағаты қанша теңге тұратыны нақты өлшемге емес, шамалауға негізделген.

Ең маңызды тұсы: есепте кідіріс нақты минутпен емес, жалпы 20 пайыз деп алынған. Бірақ жолдағы шығынды есептеу үшін көлік қанша минут кешікті, ол қай уақытта болды, қанша адамға әсер етті және сол кешігу тұрақты ма деген дерек керек. Ондай дерек ашық түрде келтірілмеген.

Тағы бір даулы жері, қоғамдық көлікпен жүретін адамдарды тек зейнеткер, студент, оқушы немесе табысы төмен топ ретінде көрсету дұрыс емес. Автобуспен жұмысқа баратындар, кәсіпкерлер, қызметкерлер және күн сайын қала экономикасына қатысатын мыңдаған адам да жүреді.

Әкімдік кептелістің себебі тек bus lane емес дейді

Алматы әкімдігі бұған дейін Саинадағы кептелістерді тек бөлінген жолақпен байланыстыру дұрыс емес екенін мәлімдеген. Ресми түсіндірмеге қарағанда, жолақ магистральдің негізгі жүріс бөлігінде емес, бүйірдегі дублер жолдарда ұйымдастырылған.

Әкімдік Саинадағы жүктеменің артуын көшеде сквозной қозғалыстың ашылуымен және көлік ағынының қайта бөлінуімен байланыстырады. Әсіресе Бурундай жақтан Алматыға кіретін көлік көбейгені, ал Рысқұлов, Райымбек, Абай және Шаляпинмен қиылыстардың өткізу қабілеті бұл ағынға толық сай келмейтіні айтылды.

Яғни мәселе бір ғана сары жолақта емес. Саина қазір қалаға кіретін және қаланың ішіндегі бірнеше бағытты байланыстыратын ірі көлік дәлізіне айналып келеді. Мұндай жерде кез келген өзгеріс бірден байқалады.

Қоғамдық көлікке басымдық беру не үшін керек

Бөлінген жолақтың негізгі мақсаты, автобустардың кептелісте тұрып қалмауы. Бір автобус жеке көліктен әлдеқайда көп адам тасиды. Егер автобус қозғалысы тұрақты болса, жолаушы уақытын алдын ала жоспарлай алады, ал қоғамдық көлікке сенім артады.

Бірақ бұл тәсіл жұмыс істеуі үшін тек жолақ сызып қою жеткіліксіз. Автобус жиі жүруі, аялдамалар ыңғайлы болуы, маршруттар дұрыс жоспарлануы және жолаққа заңсыз кіретін көліктер тұрақты бақылануы керек. Әйтпесе жүргізушілер де, жолаушылар да нәтиже көрмейді.

Саинадағы қазіргі дау осыны көрсетті: қала қоғамдық көлікке басымдық бергісі келеді, бірақ тұрғындарға нақты есеп, түсінікті дерек және өзгерістің өлшенетін нәтижесі қажет.

Нені ашық көрсету керек

Бұл пилоттық жоба болғандықтан, ең дұрыс жол, эмоцияға емес, дерекке сүйену. Қала билігі бірнеше көрсеткішті ашық жарияласа, дау азаяр еді: автобус жылдамдығы бұрын қанша болды, қазір қанша болды, жолаушы саны өзгерді ме, жеке көліктің орташа жүріс уақыты қанша минутқа ұзарды немесе қысқарды.

Сонда Саинадағы bus lane туралы әңгіме «кім кімдікі дұрыс» деген тартыстан шығып, нақты сұраққа тірелер еді: бұл жолақ қалаға пайда әкеліп жатыр ма, жоқ па?

Әзірге бір нәрсе анық: Саинадағы бөлінген жолақ Алматыдағы көлік саясатының ең ауыр сұрағын қайта көтерді. Қала жеке көлікке бұрынғыдай кең орын бере бере ме, әлде қоғамдық көлікке басымдық беріп, соның сапасын талап ете ме?