Қазақстанда бірыңғай QR комиссиясын кім төлейді
Қазақстанда бірыңғай QR арқылы төлем жасау сатып алушыға тегін. Комиссияны кәсіпкер төлейді, бірақ ол карта төлемінің тарифінен жоғары болмауы тиіс.
Қазақстанда 19 шілдеден бастап банктер арасында жұмыс істейтін бірыңғай QR жүйесі іске қосылды. Сатып алушы жаңа тәсілмен төлем жасағаны үшін қосымша ақша төлемейді. Комиссияны сауда нүктесі немесе қызмет көрсетуші кәсіпкер өтейді, алайда оның мөлшері карта арқылы қабылданатын төлем тарифінен жоғары болмауға тиіс. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкі хабарлады.
Жаңа жүйе арқылы сатып алушы өз банкінің мобильді қосымшасын ашып, басқа банк орнатқан терминалдағы QR-кодты сканерлей алады. Бұған дейін дүкендер мен дәмханаларға бірнеше банктің терминалын немесе бөлек QR-кодтарын қатар ұстауға тура келетін.
Сатып алушыдан қосымша ақша алынбайды
Тауар 10 мың теңге тұрса, клиенттің шотынан дәл 10 мың теңге есептен шығарылады. Бірыңғай QR арқылы төлем жасағаны үшін сатып алушыға бөлек комиссия қосылмайды.
Төлемді қабылдау шығыны кәсіпкердің мойнында қалады. Оның нақты мөлшерін дүкенге, дәмханаға немесе басқа сауда нүктесіне қызмет көрсететін банк белгілейді. Барлық банк пен кәсіпкерге ортақ бірыңғай тариф жоқ.
Сонымен бірге банктер үшін шектеу енгізілген. Сатып алушы мен кәсіпкер әртүрлі банктерді пайдаланса, бірыңғай QR комиссиясы карта арқылы жасалған осындай төлемнің комиссиясынан жоғары болмауға тиіс.
Кәсіпкер төлеген комиссия қалай бөлінеді
Комиссияның бөліну тәртібі сатып алушы мен сатушының қай банкті пайдаланатынына байланысты.
Екі тарап бір банкті пайдаланса
Егер сатып алушының шоты мен кәсіпкердің терминалы бір банкте болса, тарифті сол банк өзі белгілейді. Мұндай операция банкаралық жүйеге түспей, банктің қолданыстағы ішкі QR сервисі арқылы өтуі мүмкін.
Банктер әртүрлі болса
- Төлем сомасының 1%-ы сатып алушының банкіне жіберіледі. Бұл кәсіпкерге қызмет көрсететін банк төлейтін банкаралық комиссия.
- Комиссияның қалған бөлігін кәсіпкерге қызмет көрсететін банк төлем қабылдауды ұйымдастырғаны және терминалды ұстағаны үшін алады.
- Сатып алушының банкі де, кәсіпкердің банкі де 0,05%-дан жүйенің операторы саналатын Ұлттық төлем корпорациясына аударады. Жалпы техникалық қызмет ақысы төлем сомасының 0,1%-ына тең.
Сатып алушының банкі өзіне түскен комиссияның бір бөлігін клиенттерге кешбэк немесе бонус ретінде қайтара алады. Алайда сыйақының сақталуы мен мөлшері әр банктің жеке шарттарына байланысты болады.
10 мың теңгелік төлем қалай бөлінуі мүмкін
Кәсіпкерге қызмет көрсететін банк 1,5% комиссия белгіледі делік. Сатып алушы 10 мың теңгеге тауар алса, кәсіпкердің шығыны 150 теңге болады.
- сатып алушының шотынан 10 мың теңге алынады;
- кәсіпкер 150 теңге комиссия төлейді;
- 100 теңге сатып алушының банкіне жіберіледі;
- екі банк Ұлттық төлем корпорациясына 5 теңгеден аударады;
- қалған үлес кәсіпкерге қызмет көрсететін банкте қалады.
Бұл тек есептеу тәртібін түсіндіру үшін алынған шартты мысал. Нақты комиссия кәсіпкер мен банк арасында жасалған келісімге байланысты белгіленеді.
Бір терминал бірнеше банктің төлемін қабылдай алады
Бірыңғай QR комиссияны толығымен жоймайды, бірақ кәсіпкердің басқа шығындарын азайтуы мүмкін. Сауда нүктесіне әр банктің жеке терминалын орнатудың орнына, әртүрлі банк клиенттерінен QR төлемдерін бір құрылғы арқылы қабылдауға мүмкіндік беріледі.
Осының арқасында бизнес қосымша терминалдардан, бірнеше келісімнен және кейбір абоненттік төлемдерден бас тарта алады. Дегенмен бірыңғай QR міндетті емес. Кәсіпкерлер қолма-қол ақша, банк картасы және банктердің ішкі QR жүйелері арқылы төлем қабылдауды жалғастыра алады.
Ұлттық банктің мәліметінше, 17 шілдеден бері жаңа жүйе арқылы шамамен бір миллион транзакция өңделген. Болашақта оның негізінде компаниялар арасындағы есеп айырысу, мемлекетке төлем жасау, төлем сұрауын жіберу және шетелге ақша төлеу сервистерін іске қосу жоспарланып отыр.