Ferrari компаниясының басшысы түрмеге жабылмай, аула сыпырушы болып жұмыс істейді
Ferrari басшысы Джон Элканн түрмеден құтылды: енді ол €183 млн төлеуге және жыл бойы қоғамдық жұмыстарға қатысуға міндеттелді — тіпті қолына сыпырғы ұстауы мүмкін.

Ferrari мен Stellantis басшысы Джон Элканн сот пен түрмеден жалтарып, бір жыл қоғамдық жұмыс атқаруға және 183 миллион еуро төлем жасауға келісім берді, бұл туралы Турин прокуратурасы хабарлады.
Элканн және оның інісі мен қарындасы — Лапо мен Джиневра — марқұм әжелері Марелла Караччолоның мұрасына қатысты салық дауына орай, қазынаға қомақты қаржы аудармақ. 2019 жылы қайтыс болған Марелланың жалпы байлығы 800 миллион еуро деп бағаланған.
Осы келісімнің нәтижесінде Джон Элканнға қатысты қылмыстық іс тоқтатылады. Бірақ ол бір жылын қоғамдық жұмыстарға арнауы керек. Италия заңнамасына сай, бұл қарттар үйіне, тәуелді азаматтарға көмек көрсету, не қаланың көшелерін сыпыру сияқты қарапайым жұмыстар болуы мүмкін. Осылайша, Ferrari басшысы шынымен де «колына сыпырғы ұстап» қалуы ықтимал.
Отбасының адвокаты бұл мәміле Элканнның кінәсін мойындауы емес екенін атап өтті. Мұндай келісім Италияда тараптарға қылмыстық жауапкершіліктен құтылып, істі жауып тастауға мүмкіндік береді.
Отбасындағы дағдарыс
Бұл іс — Италияның ең әйгілі бизнес әулеттерінің бірі Аньелли әулетінде болған ұзақ жылдарға созылған мұрагерлік тартыспен байланысты. Fiat-тың аңызға айналған басшысы Джанни Аньелли дүние салған соң, оның қызы Маргерита шамамен 1,2 млрд еуро мұраға қалдырған. Алайда 2004 жылы бекітілген келісімдердің біразын ол әлі күнге дейін сотта даулап келеді.
Маргеританың заңгерлері қазіргі салықтық және қылмыстық шешімдер «оның ұстанымының дұрыстығын» көрсетіп, азаматтық үдерісте айтарлықтай салмаққа ие болады дейді.
«Турин сотының шешімі Маргерита Аньеллиге зиян келтірген схеманы тағы бір дәлелдейді», — деп мәлімдеді адвокаттар.
Азаматтық іс әлі де жалғасып жатыр, ал әулет ішінде шешімін таппаған қақтығыс әлі басылмаған. Ал Джон Элканн үшін — заманауи Fiat пен Ferrari-дің символы ретінде — бұл мәміле ұзаққа созылған қылмыстық істі жабудың жолы болды, иә, «аула сыпырушы» жұмысын атқару арқылы болса да.