Еуропаға ұшатын қазақстандықтар шекарада ұзақ күтуі мүмкін
Еуропада EES жүйесі шекарадағы тексерісті ұзартты. Қазақстандық туристерге әуежай мен стыковка уақытын алдын ала жоспарлау маңызды.
Еуропада жаңа Entry/Exit System шекара жүйесі әуежайлар мен өткізу бекеттерінде ұзын кезекке себеп болды. Жазғы маусымда Шенген аймағына ұшатын қазақстандықтар паспорт бақылауына көбірек уақыт қалдырғаны дұрыс, деп хабарлады Al Jazeera.
Басылымның жазуынша, кейбір жолаушылар шекара тексерісінде бес сағатқа дейін күткен. Авиакомпаниялар мен әуежайлар жаңа жүйе рейстердің кешігуіне, жолаушылардың ұшаққа үлгермей қалуына және әуежай қызметіне қосымша салмақ түсіріп жатқанын айтып отыр.
Қазақстандықтар үшін бұл жаңалықтың маңызы бар: Шенген аймағына сапар кезінде виза болса да, шекарада биометриялық тіркеуден өту қажет болуы мүмкін. Әсіресе жүйеге алғаш рет тіркелетін кезде тексеріс әдеттегі паспорт мөрінен ұзаққа созылады.
EES деген қандай жүйе
Entry/Exit System, қысқаша EES, Еуропаның сыртқы шекарасынан өтетін ЕО азаматы емес жолаушыларды цифрлық тіркеуге арналған жүйе. Ол паспортқа қолмен мөр басуды электронды есепке алумен алмастырады.
Еурокомиссия дерегінше, жүйе 2025 жылғы 12 қазанда кезең-кезеңімен іске қосылды, ал 2026 жылғы 10 сәуірден бастап толық жұмыс істей бастады. EES 29 еуропалық елдің сыртқы шекарасында қолданылады.
Жүйе жолаушының аты-жөнін, жол құжатының деректерін, кірген және шыққан күнін, сондай-ақ биометриялық мәліметтерін тіркейді. Бірінші рет өткенде бет суреті мен саусақ ізі алынады. Кейінгі сапарларда тексеріс жылдамырақ болуы мүмкін, бірақ әуежайдағы жүктемеге байланысты бәрі бірдей тез өтеді деуге болмайды.
Неге кезек көбейді
Еуропалық авиация саласының өкілдері жүйе ең қарбалас кезеңде шекарашыларға, әуежайларға және авиакомпанияларға үлкен қысым түсіріп жатқанын айтты. ACI Europe, Airlines for Europe және IATA Еурокомиссиядан шілде мен тамызда EES тексерістерін уақытша жеңілдетуге мүмкіндік беруді сұрады.
Олардың айтуынша, жазда Еуропа әуежайлары жолаушы санының күрт өсуіне дайын болуы керек. Кейбір жерде автоматты киоскілер жетіспейді, кейбір жерде персонал аз, ал бірінші рет тіркелетін жолаушыға көбірек уақыт кетеді.
Мәселе тек жайсыз кезекте емес. Егер бір топ жолаушы паспорт бақылауында тұрып қалса, қақпа жабылып, ұшақ олардың бір бөлігінсіз ұшып кетуі мүмкін. Сондықтан қысқа стыковкасы бар бағыттар бұрынғыдан тәуекелді бола бастады.
Қазақстандықтарға не ескерген дұрыс
Еуропаға сапар жоспарлағандар әуежайға ертерек барғаны дұрыс. Әсіресе Шенген аймағына алғаш кіретін қалада паспорт бақылауына қосымша уақыт қалдыру қажет.
Егер билетте Еуропа ішіндегі стыковка болса, тым қысқа аралықты таңдамаған жөн. Бір сағаттық ауысу қағаз жүзінде жеткілікті көрінгенімен, шекарадағы кезек оны қауіпті етуі мүмкін.
Сапар алдында әуежайдың ресми кеңестерін, авиакомпания хабарламаларын және виза талаптарын қайта тексерген дұрыс. EES Шенген визасын алмастырмайды және оны автоматты түрде бермейді. Бұл тек шекарадан кіріп-шығуды тіркейтін бөлек цифрлық жүйе.
Туризмге де әсер етуі мүмкін
Дүниежүзілік саяхат және туризм кеңесі WTTC ұзақ кезектер Еуропаның туристік тартымдылығына әсер етуі мүмкін екенін ескертті. Ұйымның есебінше, егер шекарада үш-төрт сағат күту қалыпты жағдайға айналса, миллиондаған турист басқа бағытты таңдауы ықтимал.
Қазір авиация саласы Еуропа билігінен жазғы маусымда икемділік сұрап отыр. Ал туристер үшін ең қауіпсіз шешім қарапайым: сапар күнінде асығыс жоспар құрмау, шекара бақылауына уақыт қалдыру және стыковканы кеңірек алу.