Цифрлық военкомат: Қазақстанда әскерге шақыру қалай өзгереді
Қазақстанда әскерге шақыру тәртібі цифрланады. 12 шілдеден бастап комиссия шешімдері мен есеп карталары электронды жүйеде рәсімделеді.
Қазақстанда әскерге шақыру тәртібі өзгереді: 12 шілдеден бастап шақыру комиссияларының бірқатар шешімі Қорғаныс министрлігінің цифрлық жүйесінде рәсімделеді, деп Zakon.kz жазды.
Бұл әскерге шақыру толық онлайн өтеді деген сөз емес. Жас жігіттер бұрынғыдай военкоматқа барып, медициналық тексеруден өтіп, комиссия алдынан өтеді. Өзгеріс негізінен құжаттарды рәсімдеу, деректерді тексеру және шешімдерді цифрлық жүйеге енгізуге қатысты.
Жаңа жүйе не үшін енгізіледі
Ережеге Қорғаныс министрлігінің цифрлық жүйесі деген ұғым енгізіліп отыр. Бұл мобилизациялық ресурстарды есепке алуға арналған автоматтандырылған жүйе. Ол азаматтардың жеке әскери есебін жүргізуге және басқа мемлекеттік жүйелермен дерек алмасуға қолданылады.
Военкоматтар әскерге шақырылатын азаматтар туралы мәліметті мемлекеттік цифрлық жүйелер арқылы сұрата алады. Егер жүйелер арасында байланыс болмаса, қажетті ақпарат тиісті сұрау арқылы үш жұмыс күні ішінде алынуы керек.
12 шілдеден бастап хаттамалар электронды болады
12 шілдеден бастап аудандық, қалалық және облыстық шақыру комиссияларының медициналық тексеру қорытындысы бойынша қабылдайтын шешімдері электронды хаттама түрінде жасалады.
Хаттамаға сол күні қаралған азаматтар енгізіледі. Құжатқа комиссия төрағасы, мүшелері және хатшысы электронды цифрлық қолтаңба қояды.
Егер цифрлық жүйе істемей қалса немесе техникалық ақау болса, хаттаманы уақытша қағаз түрінде рәсімдеуге рұқсат беріледі.
Есеп картасына қандай деректер кіреді
Сборный пунктке жіберілетін азаматтар бойынша есеп карталары цифрлық жүйеден басып шығарылады. Оған медициналық тексеру материалдары, соттылығы бар немесе жоқ екені туралы анықтама және есеп картасында жоқ құжаттардың көшірмелері қосылады.
Медициналық тексерудің нәтижесі де цифрлық есеп картасына енгізіледі. Жарамдылық деңгейі көрсетілген медициналық карта сканерленіп, жүйедегі құжаттар бөліміне жүктеледі.
Психологиялық зерттеуге жіберер алдында есеп картасындағы мәліметтер цифрлық жүйедегі өзекті деректермен салыстырылады. Бұл тексеріс күні мен уақыты көрсетіліп белгіленеді.
Әскерге бару туралы бұйрық та жүйе арқылы шығады
Әскери команда жасақталғаннан кейін мерзімді әскери қызметке шақыру және әскери атақ беру туралы бұйрық та Қорғаныс министрлігінің цифрлық жүйесі арқылы рәсімделеді.
Техникалық ақау кезінде бұйрықты қағаз жүзінде шығаруға болады. Бірақ кейін ол бұрынғы деректері сақтала отырып цифрлық жүйеге қайта енгізілуі тиіс.
Сборный пунктте әскерге шақырылатын азаматтар жеке деректерді жинауға, өңдеуге және беруге келісімге қол қояды. Бұл келісім де цифрлық есеп картасына тіркеледі.
Жастар мен ата-аналар нені түсінуі керек
Негізгі өзгеріс мынада: военкоматтар құжаттарды бұрынғыдан көбірек цифрлық жүйе арқылы жүргізеді. Бірақ бұл әскерге шақырылған адам үйден шықпай-ақ барлық кезеңнен өтеді дегенді білдірмейді.
Медициналық комиссия, деректерді нақтылау, сборный пунктке келу және қызмет орнына жіберу бұрынғыдай офлайн өтеді.
Электронды шақырту Қазақстанда бұрыннан қолданылады. Қорғаныс министрлігі бұған дейін SMS және eGov арқылы жіберілген хабарлама ресми шақырту болып саналатынын, ол азаматқа келу күнінен кемінде үш күн бұрын жолданатынын түсіндірген.
2026 жылғы көктемгі әскерге шақыру 17 наурыздан 30 маусымға дейін өтеді. Қорғаныс министрлігінің дерегінше, осы кезеңде 18 бен 27 жас аралығындағы, кейінге қалдыруға немесе босатуға негізі жоқ 21 мыңнан астам азамат мерзімді әскери қызметке жіберілуі керек.
Жаңа тәртіптің практикалық мәні қарапайым: шақыру процесі қағаздан цифрға көбірек көшеді, ал азамат үшін басты міндет өзгермейді. Шақырту келсе, белгіленген уақытта келіп, комиссиядан өту қажет.