«Қолда бардың бәрін жіберіңіздер»: Еуропа Түркиядан кондиционер сұрады

Еуропадағы аптап Франция мен Германияда кондиционер қорын тауысты. Түркияға түскен сұраныс 100 мың данаға дейін өсуі мүмкін.

👁️ 0
Еуропада кондиционер тапшылығы басталды
Сурет: qyzyq.kz

Еуропадағы аптап ыстық Франция мен Германияда кондиционер тапшылығын туғызды. Түркиядағы жеткізушілерге «қолда бардың бәрін жіберіңіздер» деген шұғыл сұраныстар түсіп, тапсырыс көлемі 100 мың данаға дейін өсуі мүмкін, деп хабарлады Türkiye Gazetesi.

Midea Türkiye компаниясының бас директоры Айдын Кузалтының айтуынша, Еуропада Teka және Midea маркалы кондиционерлерге сұраныс күрт артқан. Франция мен Германиядағы қор азайғандықтан, тапсырыстарды Түркиядағы өндіріс пен қоймалар арқылы орындау жоспарланып отыр.

Компания басшысы Еуропадан келетін сұраныс 100 мың құрылғыға дейін жетуі мүмкін екенін айтты. Кондиционермен қатар желдеткіштер мен ауа айналымын қамтамасыз ететін басқа да құрылғыларға тапсырыс көбейген.

Еуропа ыстыққа дайын болмай шықты

Еуропаның орталық және солтүстік бөлігінде үйлерге кондиционер орнату әлі кең таралмаған. The Guardian мәліметінше, Германиядағы үйлердің шамамен 6 пайызында ғана тұрақты кондиционер бар. Францияда бұл көрсеткіш 24 пайызға жуықтайды.

Көптеген ғимарат жылуды сыртқа шығаруға емес, керісінше үй ішінде сақтауға бейімделіп салынған. Сондықтан бірнеше күнге созылған жоғары температураның өзі дүкендердегі кондиционерлер мен желдеткіштердің тез таусылуына әкеледі.

Reuters Еуропаның кейбір бөлігінде ауа температурасы 40 градустан асқанын жазды. Ұлыбританиядағы Currys дүкендер желісінде кондиционер сатылымы бір демалыс күнінің ішінде 330 пайызға, желдеткіш сатылымы 3000 пайызға жуық өскен.

Түркия жедел жеткізушіге айналды

Еуропада климаттық техника өндірісінің шектеулі болуы Түркияны қолайлы жеткізу орталығына айналдырып отыр. Ел Еуропаға географиялық тұрғыдан жақын, өндіріс көлемін жылдам өзгертіп, тауарды қысқа мерзімде жөнелте алады.

Daikin Türkiye компаниясы Сакария провинциясындағы Хендек зауытында шығарылатын ірі климаттық жүйелердің шамамен 60 пайызын Еуропаға экспорттайды. Компания өкілдері 2026 жылдың алғашқы айларында сұраныстың екі таңбалы қарқынмен өскенін мәлімдеді.

Anadolu агенттігінің хабарлауынша, кондиционерлерді тек тұрғындар емес, мектептер, мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар, дәрі-дәрмек пен азық-түлік өндірушілер де белсенді сатып ала бастаған.

Сұраныс бір жазбен шектелмеуі мүмкін

Түркияның климаттық жабдық өндірушілері Еуропадағы сұранысты уақытша құбылыс деп санамайды. Ыстық кезеңдердің жиілеуі, ескі ғимараттарды жаңарту және энергияны аз жұмсайтын құрылғыларға көшу кондиционерлер мен жылу сорғыларының сатылымын ұзақ мерзімде де арттыруы мүмкін.

Еуропадағы дүрлікпенің Қазақстан нарығына тікелей әсері туралы әзірге дерек жоқ. Дегенмен сұраныс ұзақ уақыт жоғары болса, импорттық климат техникасын жеткізу мерзімі мен әлемдік бағаларға қысым түсуі ықтимал.